10.12.2021, 15:40

«Ақша бопсалаған»: Алматы облысында жоғары сынып оқушылары соққыға жыққан бала жансақтау бөліміне түсті

Фото: azattyq-ruhy.kz
Ал, мектеп директоры сөгіс алса, оның орынбасары қызметінен босатылған.

Алматы облысында жоғары сынып оқушылары соққыға жыққан бала жансақтау бөліміне түсті деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Оқушылар арасындағы бопсалау оқиғасын облыстық Білім басқармасы растады.

Бұл оқиғаның 6 желтоқсан күні болғанын «НеМолчиkz» қоры жариялаған еді. Белгілі болғандай, Есік қаласының Рахат ауылында жасөспірімдер төменгі сыныптың оқушысын аяусыз ұрған.

«Жоғары сынып оқушылары баланы тұрақты бопсалаған. Бала ересектердің өзін азаптауға жол бермеу үшін түнде қар тазалап, ақша тауып, ақшаны соларға беріп отырған. Бірақ, бір күні ол талап етілген ақшаны әкеле алмаған және жоғары сынып оқушылары оны сол үшін көшеде ұрып-соққан», - делінген хабарламада.

6 желтоқсанда болған оқиғаны көшеде кетіп бара жатқан куәгерлердің бірі видеоға кездейсоқ түсіріп алған. Видео авторы балалардың арашаға да көнбегенін айтады. 

«Куәгер айғақ видеоны беруге уәде бергенмен, ауыл және мектеп әкімшілігімен кездескеннен кейін уәдесінен бас тартты. Полиция бөлімі іс қозғамайды, олар татуластыруды сұрады, анасы мен оның басқа балаларына да қысым көрсетілуде. Қазіргі уақытта бала Есік ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер де мектеп әкімшілігімен кездесіп, баланың анасынан үндемеуді сұрады», - деп хабарлады қор өкілдері.

Қордың еріктілері анықтағандай, зардап шеккен бала оқитын мектепте жоғары сынып оқушылары тарапынан балалар үнемі әлемжеттікке ұшырайды. Қорлау мен ұрып-соғуды бастан кешіріп келеді. Жоғары сыныптың оқушылары өзінен кіші балаларды  тұрақты бопсалап келген.

«Мектеп директоры Букаева Бибігүл Жұмаханқызы жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын қорғап отыр. Ол балаларға дұрыс моральдық құндылықтар мен өмірлік нұсқауларды сіңіре алмағанымен қоймай, кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың жазаланбай, еркінсуіне де жол ашты. Аяусыз соққыны көшедегі адам тоқтатты. Мектеп оқушысы үйге келіп, есінен танып қалған. Қазір баланың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр», - деп мәлімдеді «НеМолчиkz» қоры. 

Соққыдан жарақат алған 10 «а» сыныптың оқушысы А.Әбдірахманов екені белгілі болды. Бас миы шайқалған оқушы аудандық  ауруханада емделіп жатыр. Өміріне қауіп жоқ деп мәлімдеді облыстық Білім басқармасы. Аталған келеңсіздіктен кейін мектептің директоры мен орынбасары қызметтен шеттетілді. 

«Оқушының жағдайы қанағаттанарлық, дәрігерлердің бақылауында. Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты №1 орта мектепке білім бөлімі мен облыстық Білім басқармасынан құралған жұмыс тобы барды. Мектепте психологтар да жұмыс істеп жатыр. Осы оқиға бойынша аудан әкімінің бірінші орынбасары, прокуратура, полиция және білім бөлімдерінің қатысуымен шұғыл жиын өтіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық мәселелері талқыланып, кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар берілді. Жұмысындағы кемшіліктері үшін мектеп директоры Бибігүл Букаеваға сөгіс жарияланып, директор тергеу аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жаңабай қызметінен босатылса, директордың тәрбие ісі жөніндегі екінші орынбасары М.Еділ сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Бұл факт бойынша Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр», - деді Алматы облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.