Отбасын нығайту, ана мен баланы қорғау – мемлекеттің басымдық беретін бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Концепциясында отбасы адам капиталына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде қарастырылған. Күні бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі осы отбасы институтын сақтап, нығайтуда, ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарып отыр, деп жазады Skifnews порталы.
Аналар кеңесі – консультативтік-кеңесу органы. Қазір елімізде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық Аналар кеңесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жанында 105, кәсіпорындарда 33 Аналар кеңесі қарқынды жұмыс істеп жатыр.
ҚХА 2014 жылы толеранттылық мәселелері бойынша Аналар кеңесінің I республикалық форумын өткізді. Аналар кеңесінің республикалық форумы сол уақыттан бері дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді.
Аналар кеңесінің қызметі өмірдің барлық саласын қамтиды: білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие. Кез келген адам көмек алу үшін кеңеске жүгіне алады.
Кеңестер қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыру, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін шешу бойынша орасан зор жұмыс жүргізіп келеді. Жыл өткен сайын аналардың отбасылық, рухани тәрбие, медиация мәселелеріне ат салысуы артып келеді.
Ал облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі Аналар кеңесінің жұмысы түрлі форматта жүргізілуде. Мәселен клубтар, қайырымдылық орталықтары, дискуссия алаңдары мен конкурстар форматын айтуға болады. Аналар кеңестерінің жанында 570-ден астам үйірмелер, орталықтар мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істеп тұр.
Аналар кеңесі жүзеге асырып жатқан жобалардың тақырыбы да жан-жақты. Ол жобалар отбасыларға психологиялық қолдау көрсетуге, тұрмыстық зорлық құрбандарына көмектесуге, ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүддесін қорғауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Ал Жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары мен Приюттар – балаларға жасалып жатқан қамқорлықтың бір парасы. Приюттар – балалар үйі емес. Мұнда үйінен қашқан, көшеден, компьютерлік клубтардан табылған балалар әкелінеді. Мұндай балалар көбінесе толық емес отбасыларда, өгей әкесі бар отбасыларда болады. Қыз балалар өгей әкесінің тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, ер балалар өгей әкелерімен төбелесіп қалады. Балалар приютты алты айға дейін паналай алады. Бұдан бөлек ата-анасы қайтыс болған балаларға да заңгерлік, құқықтық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ Аналар кеңесі қиын жағдайға тап болған көп балалы отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге қол ұшын созады. Карантин кезінде кеңес мүшелері волонтерлерге қосылып, үйді-үйге азық-түлік пен медикаменттер таратты.
Аналар кеңесінің жұмысы әрдайым Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауымен үндесіп жатады. Республикалық Аналар кеңесінің басшысы Назипа Шанаидың айтуынша кеңес алдына келесідей мақсат-міндеттер қойылған:
Бірінші міндет – өз елінің тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білетін мәдени толыққанды тұлғаны тәрбиелеу.
«Ана тіліңді білу – өз халқыңның жанын түсіну. Бұл үшін Қазақстанда әр этносқа жағдай жасалған. Мемлекеттік тілді білу – қоғамның әр мүшесінің азаматтық жауапкершілігі. Және бұл жауапкершілік баланың санасына отбасында сіңуі керек» - дейді Назипа Шанаи.
Екінші міндет – этносаралық келісімді насихаттау, ұрпақ сабақтастығын нығайту және толерантты тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі таңда Қазақстанда этносаралық толеранттылық мәселесі жоқ.
Үшінші міндет – жастардың дұрыс кәсіби таңдау жасауына жол ашу.
«Президент жолдауында елдің экономикалық даму бағыттары анық көрсетілген. Болашақта елімізге қандай мамандар қажет болатыны да белгілі. Аналар кеңесі Білім басқармаларымен бірлесе отырып, мектеп түлектерімен кездесулер өткізуі тиіс. Бұл жұмыссыздықты азайтып қана қоймайды, балалардың өзін табуына да ықпал етеді» - дейді Назипа Шанаи.