Қазақстан Халқы Ассамблеясы бірнеше жылдан бері бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда «Мың бала», «Келісім», «Tárbıe», «Білім», «Бірлік» атты тұрақты бес жобасы бар, деп жазады Skifnews порталы.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы
2015 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Осы жобаның аясында республика бойынша жыл сайын түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Мәселен балалар мен жастарға қазақ тілін оқытатын «Тіл мектебі» атты авторлық бағдарламаларды, ораторлық шеберлікке үйрететін «Асыл сөз», «Sende bir kirpish dúnɪege...», «Тиімді тілдік орта» шаралары мен «Ózіm týraly» акциясын айтуға болады. Осы жобаның аясында барлық өңірде диктант жазу шарасы да ұйымдастырылған. Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілді үйрету арқылы қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті нығайту, латын графикасын насихаттау. Осы «Мың бала» жобасының аясында жыл сайын жүздеген бала қазақ тілін үйренуде.
«Келісім» волонтер-медиаторлар жобасы
Медиатор-волонтерлар – коммерциялық, корпоративтік, отбасылық, еңбек дауларын, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй салаларындағы дауларды шешудің және сол даулардың алдын алудың жаңа құралы. Азаматтарды дау-жанжалды медиативтік тәсіл көмегімен шешуге үйрету арқылы, біз оларды белсенді өмірлік ұстанымда болуға, адамдарды бағалауға және қабылдауға үйретеміз. Осы тәсілді қоғамға енгізу үшін медиатор-волонтерлар даярлау қажеттігі туындайды. Бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор. Сол себепті де осы жоба аясында мамандар даярланып жатыр.
«Tárbıe» спорттық волонтерлік жобасы
Бұл жобаның мақсаты – әлеуметтік әлсіз топтардың балаларын спортқа тарту, өңірлерде дене тәрбиесі мен спортты дамыту, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, қоғамға әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу. «Tárbıe» жобасы спортшылар мен жаттықтырушыларды бір қауымдастыққа біріктіріп, спорттық волонтерлыққа жұмылдыруға бағытталған. Бұл топтар балалар үйі мен оқу орындарын аралап, балаларды спорт түрлерімен таныстырып, мастер класстар өткізеді. Ал Ауыл балаларында спортпен айналысуға мүмкіндік аз. «Ауылда жаз» жазғы акциясының аясында спортшы немесе жаттықтырушы ауылға барып, жаттығу өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп қайтады.
«Bіlіm» білім беру волонтерлігі жобасы
Білім беру саласы – Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы басым бағыттардың бірі. Күні бүгін барлық өңірдегі Достық үйлерінде мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін, этностар тілін оқытатын кабинеттер жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек тегін білім беру бағытында декоративті-қолданбалы шығармашылық орталықтары да жұмыс істеп жатыр. Енді бұл істі түрлі салада жүрген волонтер-мамандар жалғастырса құба-құп. Аталған мамандар «Bіlіm» жобасының аясында Достық үйлерінде өз білімімен, тәжірибесімен бөлісіп, белгілі бір дағдыларды үйретеді. Жобаның мақсаты – оқушылардың кәсіби бағытын ерте жастан анықтауына көмектесу, қосымша білім жүйесін дамыту, тәлімгерлік институтын қалыптастыру.
«Бiрлiк» әлеуметтік волонтерлік жобасы
Бұл жоба бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін таратуға, әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесуге, қайырымдылық пен меценаттық институтын дамытуға бағытталған. Волонтерлар жұмысының негізгі бағыты – мұқтаж жандарға көмек көрсету. Мақсаты – Қазақстан Халқы Ассамблеясының әлеуметтік волонтерларының бірыңғай желісін құру, халықты белсенді қоғамдық өмірге тарту, өскелең ұрпақ бойында әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру, жүректеріне мейірім құю.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.