$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда полиция емханасының бас дәрігері ұсталды

Тергеу барысында Сармасаева қылмыстық процестің қатысушысына қысым көрсетіп, өзін әшкерелейтін айғақтарды өзгертуді талап еткен.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматыда қалалық Полиция департаментіне қарасты емхананың бас дәрігері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде Алматы полициясы емханасын басқаратын Әлия Сармасаеваның туыстарының видеоүндеуі тарады. Оның туыстары мен адвокаттың айтуынша, әйел бес мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Кеңсені тінту кезінде бұл ақша табылмағаны айтылды.

"Өкінішке қарай, Әлияның күйеуі қайтыс болды. Оның екі қызы бар, бірі жақында жұмысқа орналасып, сынақ мерзімінде жүр, екіншісі студент. Екеуі де білім грантының иегері. Әлияның отбасы жалдамалы пәтерде тұрады, оған туыстары көмектеседі", - делінген видеода.

Видеода күдіктінің адвокаты Сәуле Көпжанова да бар. Ол Әлия Сармасаеваның қарамағындағы қызметкердің өтініші бойынша ұсталғанын айтады.

"Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатыр, бірақ кейбір аймақтарда ол фарсқа айналып жатыр. Бірнеше миллиард ұрлғаны үшін ұсталғандар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үй қамауында отыр. Өкінішке қарай, 36 жылдық тәжірибесі бар дәрігерге "бес мың теңге пара алды" деген айып тағылып жатыр, бірақ ол өмір бойы пәтер сатып алмаған. Жемқорлар олай өмір сүрмейді. Ал қарапайым дәрігерді денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру үшін ақша алды деген күдікпен қамауға алды. Бірақ Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес емхана меңгерушісі бұл парақтарды бермейді емес пе", - деді адвокат.

Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, Сармасаеваға қатысты қылмыстық іс уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашқаны, ұзартқаны, жапқаны үшін бірнеше рет пара алу дерегі бойынша тергеліп жатыр.

"Алматы прокуратурасы күдікті деп тану және әрекетті саралау туралы қаулыны мақұлдаған. Тергеу барысында Сармасаева қылмыстық процестің қатысушысына қысым көрсетіп, өзін әшкерелейтін айғақтарды өзгертуді талап еткен. Осыған орай сот Сармасаеваға қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді", - деді ведомство қызметкері.

Сонымен қатар, адвокат Көпжановаға қатысты "соталды іс жүргізу деректерін жария еткені үшін іс жүргізу шешімі" қабылданатыны айтылды.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары