15.12.2021, 23:46

«Әуежайға жарылғыш зат қойылды»: Шымкентте жалған ақпарат таратқан лаңкес іздестірілуде

Белгісіз адам мұндай ақпаратты әуежайдың электронды поштасына жіберген.

Шымкент әуежайына жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратқан лаңкес іздестіріліп жатыр. Ол тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызған хабарламаны әуежайдың электронды поштасына жіберген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Әуежайға бомба қойылды деген ақпарат поштаға түнгі сағат 2-де түскен. Бірақ қызметкерлер бұл жазбаны таңғы сағат 9-да бір-ақ көріпті. Тек содан кейін барып авиация қауіпсіздігі қызметіне хабар берген. Осыдан кейін жедел жеткен құзырлы орындар 400-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшіріп, саперлар екі мың шаршы метр аумақты тінтіп шыққан.

Жалпы екі сағатқа жуық тексеруден Ақтауға, Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшуға тиіс рейстер уақытынан кешікті. Қазір шығын есептелуде. Сондай-ақ белгісіз поштадан жалған ақпар таратқан адам іздестіріліп жатыр.

«Бүкіл периметр бойынша қазір авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері патруль жасап жүр. Бүкіл камералармен мониторинг жүргізіліп жатыр. Сағат 12-ден бастап және полиция қызметкерлерімен бірге тағы да осы апта ішінде тағы екі-үш рет кинологтармен бірге тексеріп өтеді», - дейді Шымкент әуежайы заң бөлімінің жетекшісі Жомарт Махмұт.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.