Ел ордасында өтіп жатқан кәсіпқой бокс кеші қазақ жігіттері үшін сәтті басталды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Отандастырымыздың арасында алғаш болып ринг төріне Елхан Табынбаев (2-0, 1 КО) шықты. Ол Әзірбайжаннан келген Эльмар Абдуллаевпен жұдырықтасып, төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіске жетті.
Артынша Ақниет Әлімбай мен өзбекстандық 19 жастағы Зайнобиддин Собиров төрт раундық кездесуге шықты. Нәтижесінде спортшылар төрт раунд бойы өзара мықтыны анықтап, жерлесіміз ұпай саны бойынша жеңіске жетті.
Сонымен қатар, жартылай орта салмақта Айдар Әмірзақов (0-1) пен өзбек былғары қолғап шебері Дилшодбек Исроилов айқасты. Бұл Исроиловтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі болғанын айта кеткен жөн. Төрт раундқа жоспарланған кездесу толыққанды төрт раунд бойына жалғасты. Ал әділ-қазылар соққыларын қарсыласына көбірек тигізген Әмірзақовтың қолын көтерді.
Осылайша қазақстандық спортшылар Jekpe-jek сарайындағы бокс кешін сәтті бастады.
Еске салайық, кештің басты айқасы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао (15-1, 4 КО) арасында өтеді.