$ 448.89  477.93  4.76

«Аяғын жұлып алған»: Өскеменде ит талап өлтірген 7 жасар қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Қайтыс болған Мария бүгін 7 жасқа толуы керек еді.

Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылында 7 жасар қыз баланы ит талап өлтірді. Оқиға 17 желтоқсанда болған. Белгілі болғандай, иесіз ит үй маңында ойнап жүрген қаршадай қызға тап берген.

Мәселені алғаш сол ауылдың тұрғындары көтеріп, құзырлы органдардан көмек сұраған болатын.

«Біз, Лесхоз ауылы, «Надежда», «Эдельвейс» серіктестіктері тұрғындары, жоғары органдарға шағым айтамыз. Бүгін қаңғыған ит 7 жастағы баланы талап, ажал құштырды. Біз қауіпті аймақта (қоқыс полигоны жанында) тұрамыз, бұл жақта қаңғыбас иттер көп жүреді. Ветеринария қызметі неге иттерді ауламайды? Неге өз жұмыстарына салғырт қарайды?» - деп шағымданған ауыл тұрғындары.

Қайтыс болған қаршадай қыздың ата-анасы перзентінен бұлай айрылғанына әлі сене алар емес. Оқиға бар-жоғы жарты сағатта болған. Анасы сол кезде үйдегі сәбиіне қарап отырыпты.

«Мен үйде болғанмын, қызым далаға шығуға сұранған. Сыртта жел соғып тұр деп едім, қоймай шығып кетті. 15 минуттан соң келіп, қолғабын ауыстырып қайта шықты. Ол кезде үй тазалап жатқанмын. Терезеден қарағанымда ойнап отыр екен. Үйдегі кішкентайым жылаған соң, ойнатып отырғанмын. 20 минуттан кейін далаға қарасам ит жүр екен. Қызым жерде жатыр, мен түсінбей терезеден қарап қалдым. Ойнап жатыр екен деп ойладым. 2 минуттай түк түсінбей тұрып қалдым да, далаға жүгіріп шығып, «Маша, Маша» деп айқайлай бастадым. Жанына келсем аяғы жоқ, қардың беті қанжоса. Киімдерінің барлығы жыртылған. Бетіне тиіспепті, тек аяғын жұлып тастапты. Атын атап құшақтап, айқайлай бастадым, бірақ үн жоқ», - дейді қыздың анасы Дарья Орлова.

Қайғылы жағдай бүгін, Мария бүгін жеті жасқа толар еді. Ал, анасы қызының туған күніне арнап арнайы сыйлығы мен тортына да тапсырыс беріп қойыпты.

«Бүгін қызымның туған күні. Соны атап өтуіміз керек болған. Жеті жасқа толар еді. Қызымды мұғалімдердің барлығы мақтайтын. Әрқашан сыныбының алды болуға тырысатын. Бір күні мектепте өлең жаттауға берген екен, үш өлеңді бір-екі рет қайталап, жаттап маған айтып берді. Болашағынан зор үміт күтіп едім», - деген анасы көзіне жас алды.

Үй иесінің айтуынша, полиция қызметкерлері қыздың өліміне өздерінің итін кінәлапты. Бірақ анасы бұнымен мүлдем келіспейді.

«Полицейлер қызды талап өлтірген біздің үйдің иті деп отыр. Бірақ біздің ит олай жасамайды. Біздің ит талаған болса кеше ауызы қан болар еді, тістерінде ет болатын еді. Бұл жағдайды қалай да шешу керек, жағдай қайта қайталануы мүмкін. Менің қызымның қазасы бұл жағдайда тәжірибе болып отыр», - дейді Дарья Орлова.

Оқиға болған күні әкесі үйде болмапты. Тұрғындар мәселені осыған дейін бірнеше рет көтерген, бірақ жергілікті билік тарапынан еш шара болмағанын айтуда.

Лесхоз ауылына кіре берістен бастап иесіз иттер көзге көп түсті. Осыған қарап, жауапты мекемелердің ит аулау жұмыстарын нәтижелі жүргізіп жатқанына күмәнмен қарамасқа шара жоқ. Ауыл ішін аралап жүргенімізде ит аулаған мекеме қызметкерлірін көзіміз шалып еді, әңгімеге тартуға оқталғанда ат-тонын ала қашты. Бір сөзбен айтқанда, ауыл ішінде түнді қойып, күндіз жаяу жүрудің өзі қауіпты. Ал, мектеп оқитын балалар сабаққа бару үшін ауыл шетіндегі орман тоғайдың ішімен өтеді екен.

Ауылдың өзге де тұрғындары осы оқиғадан кейін балаларын сыртқа шығарудан қорқып отыр. Барлығының талабы сол – ауылды қаңғыбас иттерден тазартса дейді.

Айта кетейік, осы қайғылы жағдайға байланысты құзырлы органдар тексеру жүмыстарын жүргізуде.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары