Елде омикрон штамының тез тарауына байланысты үкімет қатаң шектеу шараларын енгізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.
Израиль билігі індеттің бесінші толқыны басталғанын ресми түрде жариялады. Соңғы екі айдан бері алғаш рет күн сайын бір мыңнан аса адамнан короавирус анықталуда. Науқастар саны күрт өскенімен, ауруханаға түсетіндері сирек кездеседі. Дегенмен дәрігерлер жағдай әлі де ушығуы мүмкін дейді. Ауруханаларда жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімдер қайта ашыла бастады
«Омикрон балабақшалардан бастап Кнессетке дейін елде тез тарап келеді. Әзірше саны аз, бірақ бұл – өте жұқпалы штамм. Әлемнің өзге елдерінде әр екі-үш күн сайын науқастар саны екі есе өсіп жатқанын көріп тұрмыз. Індеттің бесінші толқыны басталды деуге болады. Мақсатымыз – мүмкіндігінше экономика мен білім беру жүйесінің жұмысын тоқтатпай, осы толқынды еңсеру», –дейді Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет.
Үкіметте қызу пікір-талас жүріп жатыр. Кейбір министрлер жаңа жыл мейрамы кезінде локдаун секілді қатаң шаралар қабылдауды ұсынды. Қалғандары осыған дейінгі індет толқындарынан аяғына тік тұрып үлгермеген экономикаға ауыр тиеді деп қарсы шықты. Ал ел шекараларын шетелдіктерге ашуды келер жылдың ақпан айына қалдырды.
«Дер кезінде әуежайды жауып, омикрон штамының елде тарауын бәсеңдеттік. Әзірше оны жұқтырған адам саны тым көп емес. Бірақ мен халықты көңіл босатпай, ереже сақтап, маска тағуға шақырамын. Ал ең бастысы вакциналанып, балаларға екпе салу қажет. Әйтпесе індеттің бесінші толқыны тез арада тарап кетеді», – дейді Израиль денсаулық сақтау министрі Ницан Горовиц.
Әзірше локдаун жариялау шешімі қабылданған жоқ. Билік халық наразылығынан қауіптеніп отыр. Бірақ маска тақпағандар мен қоғамдық орындарға жасыл төлқұжатсыз кіргендерді қатаң жазалап, ережелердің сақталуы мұқият қадағаланбақ.