Егер "АрселорМиттал Теміртау" зиян қалдықтарды шығаруды азайту жөніндегі талаптарды орындамаса, келесі жылы экологиялық рұқсатсыз қалуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ брифингінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24"телеарнасына сілтеме жасап.
Биыл кәсіпорында өнеркәсіп қауіпсіздігі ережелерін бұзудың екі мыңнан аса жағдайы анықталған.
"Қысқаша айтқанда, бүгін "АрселорМиттал Теміртау" алдына нақты шарттар қойдық: ластаушы заттар шығындысын азайту жөніндегі талаптарымыз орындалмаған жағдайда, компания келесі жылға экологиялық рұқсатсыз қалуы мүмкін", - деді Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Арна мәліметінше, былтыр "АрселорМиттал Теміртауда" барлығы 32 тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 19 миллион теңге болатын 24 әкімшілік айыппұл салынған екен. Сонымен қатар, мамандар сотқа 34 қауіпті өндірістік нысандар мен техникалық құрылғыларды пайдалануды тоқтата тұру туралы талап-арыз жіберген, бұл жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.