Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қанша жалақы алатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Желіде өрт сөндірушілердің жалақысы 140 мың теңге екені айтылды. Осындай жалақыны дұрыс деп санайсыз ба, өзіңіз қанша алатыныңызды айта аласыз ба", - деп сұрады журналист ОКҚ брифингінде.
"Тағы да айта кетейін, жалақым миллион теңгеге жақын. Бұл жалақыны кез келген министрге беретіні секілді Үкімет белгілейді. Қызметкерлерге келетін болсақ, иә, шынымен де, жалақы төмен. Бірақ кейінгі жылдары жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, 2023 жылы ТЖМ ғана емес, құқық қорғау жүйесі, Қорғаныс министрлігі, ІІМ қызметкерлерінің жалақысы ҰҚК қызметкерлері жалақысының 80 пайызына теңестіріледі", - деп түсіндірді ТЖ министрі.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін нығайту үшін қызметкерлердің жалақыларын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Келесі жылы қызметкерлердің жалақысы 29 пайызға өседі деп жоспарланып отыр.
"Нақты қарасақ, өрт сөндіруші екі тәулік немесе үш тәулік кезекшілікте болады. Министр 24 сағат қызмет атқарады. Министрдің жауапкершілігі өрт сөндірушіден кем емес", - деді Юрий Ильин.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.