Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазақстандық шаруалардың отставкаға кету туралы талабына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы "бұл сайланбалы емес, тағайындалған қызмет болғандықтан" Үкімет мүшелері отставкаға кетуге әрқашан дайын болуы керек екенін айтты.
"Нақты маған келсек, қазір ауыл шаруашылығын реформалау қажет екенін ешкім дауламайды. Кез келген реформаға қарсы тарап та, жақтаушы тарап та болатыны сөзсіз. Мен барлық тараппен сындарлы диалогқа ашықпын. Тараптар мәлімдемесіне түсінікпен қараймын", - деді ауыл шаруашылығы министрі.
Ербол Қарашөкеев реформалардың егжей-тегжейін талқылау үшін шаруалармен кездесулер белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.
"Кеше өңірлерден келген шаруалармен офлайн кездесу өткіздім. Айтпақшы, дәл осы кездесуде 30 қатысушының бірі менің отставкаға кетуімді ұсынды. Бұл кездесу төрт сағаттан аса уақытқа созылды. Егер журналистер талқылауға соңына дейін қатысса, онда олар кездесу соңында біз реформалар қажеттілігі туралы ортақ түсінікке келгенімізге көз жеткізер еді", - деді министр.
Бұған дейін Қазақстанның әр өңірінен келген шаруалар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің отставкаға кетуін талап еткені хабарланған еді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.