Төрт ай бойы отандық телеарналардағы сенбілік бағдарламалар арасында топ жарып, рейтинг бойынша көш бастаған әйгілі «The Voice» шоуының қазақстандық нұсқасы мәреге жақындады. Бүгін 4 тәлімгер мен 4 үміткер арасынан үздігі анықталды, деп хабарлайды аталған телеарнаның баспасөз қызметі.
Сәкен Майғазиевтің шәкірті Құралай Мейрамбек «Qazaqstan дауысы» музыкалық жобасының жеңімпазы атанып, 5 миллион теңге иеленді. Сонымен бірге «Қазақстан» телерадиокорпорациясы әрі қарай Құралайдың өнеріне қолдау білдіреді.
SMS-дауыс беру нәтижесі бойынша:
1-орын – Құралай Мейрамбек
2-орын – Ерік Төленов
3-орын – Ернар Амандық
4-орын – Аружан Айдарбек иеленді
Биыл жобаға қатысуға www.qazaqstan.tv ресми сайты мен аймақтағы іріктеулер арқылы 6000-нан астам адам өтінім беріп, бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Олардың арасынан алғашқы кезеңге 200-ге жуық қатысушы шақырту алды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі таланттардың басын қосқан жобаға Украина, Қырғызстан, Грузия, Қытай елдерінен үміткерлер қатысты.
Бұған дейін олар «Көрмей таңдау», «Жекпе-жек», «Жарға жығу», тікелей эфирдегі сайыстар мен «Жартылай финал» кезеңдерінде бақ сынаған болатын. Тәлімгер Майра Мұхамедқызының тобынан финалға Ернар Амандық, Сәкен Майғазиевтің тобынан Құралай Мейрамбек, Маржан Арапбаеваның тобынан Аружан Айдарбек, ALEM-нің тобынан Ерік Төленов жолдама алды.
Қатысушылар тек вокалдық қабілеттеріне қарай таңдалатын «The Voice» жобасы әлемнің 140-тан астам елінде көрсетіледі. Әйгілі телешоудың қазақстандық нұсқасы апта сайын әлемдік «Best of the Voice» рейтингісіне еніп, жоғары көрсеткішке ие болды. Ал қатысушылардың жобада орындаған әндері YouTubе-тағы ресми арнада 37 миллионнан астам қаралым жинады.