$ 495.2  522.34  4.94

Атырау облысында 145 млн теңгеге бағаланған Абай ескерткішін Павлодар қаласының әкімдігі 55 млн теңгеге орнатқан

Екі ескерткіштің бағасындағы үлкен айырмашылықтың қайдан шыққаны түсініксіз.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Атырау облысында шуға айналған Абай ескерткішіне бөлінген қаражат дауға айналды. Мәселен, Атырау облысында 145 миллион теңгеге бағаланған дәл осындай монументті Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқан, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.

Екі ескерткіштің де техникалық ерекшеліктерінде айырмашылық жоқ. Тіпті тапсырысты да бір компания орындаған. Ал авторы мүсінші Асқар Нартов.

Павлодардағы орталық алаңға былтыр қойылған Абай ескерткішінің биіктігі 10 метр, қоладан жасалған монументтің құны 55 миллион теңге. Ал Атыраудағы жақын күндері ашылуы тиіс 145 миллион теңгеге бағаланған биіктігі 11 метр болатын қоладан тұрғызылған бұл ескерткіш те Асқар Нартовтың қолынан шыққан. Екі мүсіннің де тапсырысын алған «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Десе де екі ескерткіштің бағасындағы үлкен айырмашылықтың қайдан шыққаны түсініксіз.

Ұлы ақынның мүсінін орнату туралы шешім шығарған Атырау облысы Мәдениет басқармасындағылар бұған тапсырыс беруші қалалық мәдениет бөлімі. Сондықтан құнының қымбаттығына біз жауапты емеспіз деп отыр. Ал бөлімдегілер жобаны да, соманы да шешкен сол басқармадағы комиссия дейді.

Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деп Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев күдікке ілінгеннен кейін басталған іс аяқсыз қалғандай.

27 желтоқсан күні ашылады деген ескерткіштің құрылысы әлі жүріп жатыр. Ал құрылыс басында жүрген «Балқыту» компаниясы басшылары ескерткішке қатысты сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Сөздерінше, қазір олар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі болып жатыр екен. Осылайша «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылары да бұл қылмыс бойынша күдікке ілінген болып шықты. Ал тапсырыс алған бұл компанияға қатысым жоқ, бірақ ескерткіш жұмысына жауаптымын деген жеке кәсіпкер былай дейді.

«Сметада нақты не жазылғанын білмейді екенмін. Тастың бағасы қымбат. Сосын қоланың бағасы өте қымбат боп кетті. Екі-үш есе өсіп кетті Ресейде. Павлодардағы ескерткіш бетоннан жасалған. Ал мұнда асты ғана бетон. Граниттен жасалған. Гранитті жеткізу, жасау өте қымбат», - дейді жеке кәсіпкер Нұржан Байнизов.

Яғни 145 миллион теңгенің жобасын алған "Балқыту" компаниясы жұмысын жеке кәсіпкерге берген. Ал ол өзара келіскен бағасын айтпады. Әкімдік тапсырысты алған серіктестікке 72 миллион 500 мың теңгені аударған. Қалған 72 миллион 500 мың теңгені келер жылы төлейміз дейді.

Ал Қарағанды қаласындағы биіктігі 10 метр, қоладан тұрғызылған Абай ескерткішінің де авторы мүсінші Асқар Нартов. Бірақ жергілікті әкімдік бұған бюджеттен бір тиын да бөлмей демеушілер арқылы жасапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары