Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбі және жалпы Қазақстан Республикасы жасыл аймақта тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы әзірге сары аймақта. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін баяндады. Бүгінде 9 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 80%-ға жуығы, 8,5 млн-ға жуық азамат, яғни ересек адамдардың 75%-ы екінші компонентін алды. Ал жасөспірімдер арасында вакцинаның І компонентін 242 мың, II компонентін – шамамен 90 мыңы салдырды.
Ревакцинациядан 450 мың адам өтті. Сонымен қатар әлемде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырып, халықты жаппай ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды.
«Жаппай ревакцинациялау жұмыстарын күшейту қажет. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 млн адамды ревакцинациялау қажет», — деді Асқар Мамин.
Вакцинаның екінші компонентін алған сәттен бастап 6 ай уақыт өткен азаматтар бұған дейін салынған вакцинаның түріне байланысты қайта вакцина алады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.