Елордада азық-түліктің бағасы мереке қарсаңында тағы да шарықтады, деп хабарлайды Stan.kz.
Кейбір сауда орындары тауар құнын негізсіз өсірген. Бірқатар дүкенде жұмыртқа 25 пайыз үстемемен сатылып жатқаны анықталды. Ал заң бойынша келген бағаға 15 пайыздан артық қосылмауы тиіс. Базарларда да жағдай мәз емес. Сатушылардың өз базынасы бар. Сатушылардың айтуынша, сауда-саттық жылдағыдай емес көрінеді. Тауар бағасы қымбаттаған, сондықтан сатып алушы аз дейді. Жұрт керегін санап алатын жағдайға жетті дейді олар. Қымбатшылық халықты ғана емес, сатушыларды да шаршатқан сыңайлы. Өйткені базарға келушілер көп болғанымен, сатып алушы аз көрінеді.
"Екі жыл бұрын сауда мына арада жаңа жылға қарсы қатты жүріп жататын еді. Қазір сауда аз. Мысалы, қияр 1800 теңге болып тұр. Қызанақ 900 теңгеден, еттің жарты бағасы. Сол үшін сауда жоқ", – дейді сатушылар.
Жұртшылық үшін қымбатшылық туралы айтудың да қызуы басылған сияқты. Жыл басынан бері тоқтаусыз көтерілген бағадан әбден көңіліміз қалды дейді елордалықтар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаның бұлайша құбылуының себебі көп дейді. Ол індет бітпей, азық-түлік құнының өсуін тоқтату мүмкін емес екенін кесіп айтты.
"Індет бітпей, бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Себебі біздің логистикалық жүйелеріміз, байланыстарымыз өзгеріп кетті. Қазір әр мемлекет өзінің протекционизм саясатын жасап, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу", – дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Агенттік төрағасының айтуынша, бағаны негізсіз көтергендер айыппұл арқалайды. Соңғы жарты жылда жанар-жағармай бағасын негізсіз өсіруге байланысты 12 тергеп-тексеру ісі ашылған. Жұмыртқа нарығында осындай 8 іс, басқа тауарлар бойынша 15 іс қаралған. Кәсіпкерлік нысандарға 540 млн теңге айыппұл салынған.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.