29.12.2021, 16:00

Түнгі клубтан тікелей әскерге: Видеоға қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Фото: ашық дереккөз
Бейнероликте әскерилер мен құқық қорғаушылар ойын-сауық орындарын аралап, әскерге шақырылған азаматтарды анықтап жүр.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бейнероликте әскерилер мен құқық қорғаушылар ойын-сауық орындарын аралап, әскерге шақырылған азаматтарды анықтап жүр. Рейд кезінде жастардың жеке құжаттары тексеріледі.

"Ондай рейдтер көп жағдайда әскерге шақырылған адам уақытында келіп, тіркеуге тұрмаған кезде болып жатады. Заң бойынша тиісті рәсімдер бар. Содан өту керек. Әрине, жергілікті әскери органдарға нақты міндет жүктелген. Олар сол қызметтік міндетін орындайды", - деді Тұяқов журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің орынбасары цифрландыру аясында ақпараттық базаларды интеграциялау жұмыстары атқарылып жатқанын да еске салды. Соның арқасында шұғыл шешімдер қабылданып, қысқа уақыттың ішінде тексерістер басталады.

"Цифрландырудың арқасында әскери басқармамыз жақсы жұмыс істей бастады", - деп атап өтті Тұяқов.

Сондай-ақ Дарын Тұяқов қазір әскерге шақырылушылар тапшылығы жоқ екенін айта кетті. 

"Әскерге шақырылушылар бар, олар өз міндеттерін сәйкесінше орындауы керек. Отанды қорғау міндеті барын ұмытпауы тиіс", - деді ол.

Бұнымен қоса министрдің орынбасары мұндай рейдтер әскер қатарына алынушылар арасында кезең-кезеңімен жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетері, бұған дейін әлеуметтік желіде әскерге шақырылғандарды анықтауға арналған рейдтің видеосы тараған болатын.

Әскерге шақырудан жалтарған азаматтарға қатысты рейдтер "әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі. Шақыру қағазын әскерге шақырылушыға тапсыру мүмкін болмаған жағдайда полиция жігітті шақыру учаскесіне апаруына болады. 

Айта кетері, бұған дейін әлеуметтік желіде әскерге шақырылғандарды анықтау жұмыстары түнгі клубтарда жүргізіліп, оларды сол жерден алып кеткені туралы видео дау туғызған болатын. 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.