«Үздік ғылыми қызметкер-2021» сыйлығының қорытындысы белгілі болды. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК, яғни 5 млн 834 мың теңге көлемінде куәлік пен сыйақы алады. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 500-ге жуық ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтуіне стипендия тағайындалды, сонымен қатар постдокторантура үшін жас ғалымдарға 1000 грант бөлінді. Президент тарапынан ғалымдарды қолдаудың кезекті шарасы жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын тағайындау болды. Ол ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Осы жылы министрлік алғаш рет еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесі мен жас ғалымдар альянсының мүшелері жұмыс істеді», — деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім түсті. Конкурсқа қатысушылардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды. Нәтижесінде Комиссия 6 ғылыми зерттеу институттары мен 16 жоғары оқу орынынан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер-2021» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.
Олардың арасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахметқажы Берсімбай, Ядролық физика институты филиалының жетекшісі Максим Здоровец, Қарағанды техникалық университетінің профессоры Аристотель Исагулов, Онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры PhD докторы Қайрат Дәулетов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайсар Табынов және басқалар қатысты.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.