Шымкентте автобус жүргізушілері көпшілікке еркше көңіл күй сыйлады. Аяз ата кейпіне еніп, мереке мерейін арттырды. Бұған қала тұрғындары дән риза. Қоғамдық көліктің іші де, сырты да мерекеге сай безендірілген, деп хабарлайды Астана арнасы.
Қоғамдық көліктің іші ерекше безендірілген. Түрлі-түсті жылтырақтар, әртүрлі әшекейлер бірден көзге түседі. Мерекелік көңіл күйді жаңа жылдық ән әрлей түскен. Автобус ішіндегі атмосфера мүлдем бөлек. Жолаушылардың жүздері бал-бұл жанады. Ал Аяз ата кейпіндегі автобус жүргізушісі жаңа жылдың сәнін аша түскендей. Идея авторы автобус жүргізушісі – Еркебұлан Өскенбаев екен.
Биыл екінші жыл қатарынан Аяз атаның кейпіне енген отыз жастағы жүргізуші өзгелерді қуантуды жаным қалайды дейді. Автобус ішін де өзі безендірген.
“Жаңа жылда халыққа жаңа көңіл-күй сыйлағым келді. Кішкене қызығырақ болсын, халықтың көңілін көтерейік деп. Ыңғайлы деп ойлаймын енді. Кішкентай балаларымызға, бүлдіршіндерімізге сыйлығымызды беріп жатырмыз. Жолаушылар автобуста әсем ән тыңдап қана қоймай, Аяз атамен суретке түсіп, мәз-мейрам. Шымкентте ауа-райы көктем күніндей болса да, автобусқа мінген әрбір жолаушы жаңа жылды сезініп, ерекше әсер алғандарын айтады”, – деді автобус жүргізушісі Еркебұлан Өскенбаев.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.