Шығыс Қазақстан облысында екі полицей жол апатына түсті, салдарынан біреуі көз жұмды. Ақпаратты Sputnik Қазақстанға өңірлік полиция департаменті растады.
Ведомство мәліметінше, трагедия 2 қаңтар таңғы төрт шамасында Семей – Өскемен тас жолының 25-ші шақырымында болды.
Семей жақтан келе жатқан Lada-2170 автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адам оқиға орнында мерт болды.
"Жол апатына түскен екі адам да – полиция қызметкері. Олардың оқиға орнында бір мезетте болуы бір-бірімен байланысты емес. Екеуі де үйге бара жатқан. Алдын ала нұсқа бойынша, марқұм көлігі аударылып қалғандықтан, жолда жүрген. Оны қағып кеткен жүргізушіге қатысты қазір тергеу басталды. Медициналық куәландыру актісіне сәйкес, ол сау болған", − деді полициядағылар.
Құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, көлік басқаратын адамның жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.