Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ақтаулықтармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сұйытылған мұнай газының бағасын төмендетуді талап етіп, көшеге шыққан Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
«Нұрлан Ноғаев жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сұйытылған мұнай газының бағасын төмендетуге қатысты Үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді. Облыстың жанармай стансаларының иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастама көтеріп, газ құнын 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады», - деп жазылған әкімдік таратқан ақпаратта.
Тағы оқыңыз: Жаңаөзен тұрғындары газ бағасының қымбаттауына байланысты митингке шықты
Ел алдындағы сөзінде Нұрлан Ноғаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанармай стансасы иелерінің баға бойынша сөз ына қатысты тергеуді бастағанын айтқан. Әкім ақтаулықтарды да қоғамдық тәртіпті сақтап, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне жол бермеуге шақырды. Кездесуге Үкіметтің тапсырмасы бойынша құрылған комиссия құрамына кіретін Энергетика министрлігі мен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері қатысты.
Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев газ құнын литріне 120-дан 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданғанын айтқан болатын.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.