Халыққа қызмет көрсету орталықтары Алматы мен Алматы облысын қоспағанда, Қазақстанның барлық өңірінде жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"10 қаңтардан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысын қоспағанда, Қазақстанның барлық өңірінде ХҚКО-лар жұмысын қайта бастады.
Тұрғындарға кезең-кезеңімен барлық қызмет түрі қолжетімді болады, Жамбыл облысының тұрғындары жеке куәліктер мен паспорттарды рәсімдеу жөніндегі қызметтерді уақытша пайдалана алмайды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, байланыс сапасына байланысты жұмыс барысында кідіріс болуы мүмкін.
"Сондай-ақ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындап жатқандықтан, ҚР барлық өңірінде автоХҚКО-лар жұмыс істемейді", - деді ведомстводағылар.
Бұдан басқа, 10 қаңтардан бастап "Қазпошта" АҚ пошта бөлімшелері зейнетақы мен жәрдемақыны интернет-байланыс жұмыс істеп тұрған уақытта штаттық режимде береді.
"Сонымен қатар, банкоматтарды қолма-қол ақшамен толтыру бойынша жұмыс басталды. Осыған байланысты "Қазпошта" клиенттері 10 қаңтардан бастап бөлімшелерден де, банкоматтардан да ақша ала алады. Сонымен қатар, "Қазпошта" АҚ "Оңтүстік" ақпараттық-логистикалық орталығының Қазақстан бойынша магистральдық маршруттарын іске қосуының арқасында компания 10 қаңтардан бастап пошта жөнелтілімдерін қабылдау мен өңдеуді қайта бастайды", - деп хабарлады бөлімшедегілер.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.