Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда сағат 14.05-те Катонқарағай ауданындағы «Согорное-Барлық» тасжолының 11-шақырымында қар көшкіні жүрді.
«Күн райының күрт жылынуына және желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуіне байланысты жалпы көлемі 30 текше метр көшкін жүрді. Бұдан бөлек, аталған жолдың 14-ші шақырымда тағы да көлемі 150 текше метр болатын көшкін түскен. Жол жартылай жабылып қалды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сол жерге жергілікті атқарушы орган техникасы жұмылдырылды. Көшкін ауданның тыныс-тіршілігіне әсер еткен жоқ, қаза болғандар мен зардап шеккендер болмады.