Астанада баспаналары жанып кеткен отбасылар қиранды астында түнеп жүр, деп хабарлайды КТК.
Өрттен кейінгі өмірлерінің астаң-кестеңі шықты. Астанада үйлері жанып кеткен жүздеген адам далада қаңғып жүр. Шиеттей бала-шағасы бар 25 отбасы қала билігінен көмек сұрап, есіктерін тоздыруға мәжбүр. Онсыз да қырық жамау үйді шенеуніктер жақын арада қиратпақшы болған екен.Атқамінерлердің арманы орындалып, енді жалғыз баспаналарынан айырылған адамдарға мүлдем көмек бермейміз депті. Сондықтан ондаған шаңырақ қара суықта қиранды астында түнеп жүр.
55 жастағы Елена Ифхутаның бұл жалғыз баспанасы екен. 9 шаршы метрлік бөлмеде 4 жан тұрып келген. Өрттен соң бөлменің төбесі тесіліп, төбеден жаңбыр суы сорғалапты. Тіпті,үй ішінде немересіне дейін резіңке етікпен жүруге мәжбүр.
Тұрғындардың басым бөлігін қала басшылары қонақүйлерге орналастырған. Ал, қалғандары осы үйінді астында тұруға мәжбүр. Өйткені, бұл қаладағы ұрлық-қарлық көп тіркелген аудандардың бірі. Сондықтан, үйімізді тонап кетуі мүмкін деп тастап кетуге қорқып отыр.
80 жылдан бері жөндеу көрмеген жатақхана онсыз да құлағалы тұр екен. Әкімдік бұл ғимаратты ескі деп, қиратуға жоспарлап қойыпты. Енді тұрғындар шенеуніктердің тілегі қабыл болды дейді. Өртті сылтауратып баспанасыз қалдыруы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Оның үстіне қонаүйді де 10-шы тамызда босатулары тиіс екен. Ал әкімдік сол күйі үнсіз.