20.01.2022, 17:20

Алматыда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады

31 мыңнан астам адам еңбекке тартылады.

Алматыда кем дегенде 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының айтуынша, былтыр Алматыдағы жұмыссыздық 5,1 пайызға төмендеген.  

«Биыл Ұлттық жобалар аясында 13,2 мың жұмыс орны ашылады, бизнесті қолдаудың өңірлік шаралары 3,6 мың бизнес құруға мүмкіндік береді, 31 мыңнан астам адам еңбекке тартылады»,- дейді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен қатар, ол қалалық бағдарламалар шеңберінде ӘКК құралдары арқылы 2 пайыз жеңілдікпен кредит беру арқылы тағы 5 шағын өнеркәсіптік парк іске қосылатынын тілге тиек етті. 

«Жастарды кәсіптік техникалық даярлауды және жұмыссыздарды қайта оқытуды күшейтіп, кейіннен жұмысқа орналастырамыз. Жеке сектордан жүйелік операторларды тарту арқылы білікті жұмыс орындары құрылады», - деп атап өтті Алматы әкімі.

2 жыл ішінде «Кәсіп алаңы», «Алматы Бизнес» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 200 мыңға жуық адамды қамтитын Qolday кәсіпкерлік орталығының курстары жүргізілді. 

Бұл жұмыс істеп тұрған ШОБ санының 4%-ға немесе 2021 жылдың қорытындысы бойынша 7,6 мың бірлікке ұлғаюына әсер етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап жастар практикасы бойынша жалақы 25 айлық есептік көрсеткіштен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Біз өз тарапымыздан жергілікті бюджеттен қосымша 10 АЕК-ке төлемді ұлғайтамыз, осылайша жалақы 122 500 теңге болады», дейді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай- ақ жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау мөлшері 63 мыңнан 92 мың теңгеге дейін ұлғайтылады.

Жалпы, барлық шаралардың арқасында кемінде 50 мың жұмыс орны ашылады.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.