Қызылорда облысында көпбалалы аналар мен мүгедек балалар мәселесін көтеріп жүрген белсендіні екі айға сотқа дейін қамауға алған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Зарина Бибасарованың күйеуі Нұрлан Матенов ол туралы былай дейді:
"Мен Қызылорда қаласының тұрғынымын. Әйелімді 4, 5 қаңтар күні митингіге шықты деп, 2 ай сотқа дейін қамауға алды. 7 баламыз бар. 6-балам (5 жасар) жүрегі ауырады, мүгедектігі бар. Кішкентайым 7 айлық емшек емеді. Облыстық сот емшегінен сүт ағып тұрғанына қарамай, әйелімді 7 баласынан айырып, қамап отыр".
Ал ол туралы белсенді Жамила Қасымхан өз парақшасында былай деп жазды:
"Әкім орынбасары Ыстықбаев Талғат "кел, ақылдасатын шаруа бар деп", 5 қаңтар күні Зарина Бибасарованы әкімдікке шақырған. Зарина Бибасарова көпбалалы аналар мен мүгедек балалар мәселесін көтеріп жүрген қалалық белсенді. Әкімшілікке келген кезінде оны қарауыл әкімшілік ғимаратына өткізбейді. Зарина өзін шақырғанын айтып кіргізуді талап етеді. Солай тұрғанда митингішілер келіп, қақпаны күштеп ашып кіреді.
Зарина содан кейін қайтып кетеді. Кетіп бара жатып Ыстықбаев Талғатқа тәртіпсіздік туралы телефонмен хабарласып, шара қолдану керек екенін айтады. Талғат келіседі.
8 қаңтар күні кешке учаскелік полицей, опер қызметкерлермен бірге Заринаны үйінен алып кетеді. Түнде 5 сағат тергеу жүргізеді. Күйеуінің айтуынша, тергеушісі Райымбек деген жас бала. Тергеуден кейін босатып жібереді. Ертеңіне 9 қаңтар күні шақырып алып, протоколмен таныстырып тергеу алды 2 айға қамаққа алады. Емшегі сыздап, сүті ағып тұрғанына сот пен прокурор қарамайды. Оның үстіне Зарина қант диабетімен есепте тұрады. Қант мөлшері 23-25 болып көбейіп кеткен. Үлкен қызы да васкулит деген диагноз қойылған, есепте тұрады. Осының бәрін сот ескермеген.
Облыстық сот алқасына күйеуі адвокат көмегімен шағымданған. Шағымы қанағаттандырылмаған".
Бұдан кейін көпбалалы анаға 2022 жылғы 19 қаңтарда Қызылорда қаласында Қызылорда облыстық соты қаулы шығарған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С.Абдикановтың төрағалық етуімен, хатшы Г.Нарикбаева болып, прокурор А.Есниязовтың, адвокат Г.Абдиеваның қатысуларымен, бейне байланыс жүйесі арқылы өзінің жабық сот отырысында Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы күдікті P.C.Бибасароваға қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысына адвокат Г.Абдиеваның келтірген жекеше шағымын қарап, анықталған.
Осылайша сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын 2 (екі) ай мерзімге, яғни, 2022 жылдың қаңтар айының 10 күні 16 cағат 56 минутынан бастап наурыз айының 10 күні 16 cағат 56 минутына дейін берген.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.