24.01.2022, 09:40

«Қызымды қылғындырған»: Жеке балабақшада баласы соққыға жығылғанын айтқан келіншек жанайқайын жеткізді

Фото: ашық дереккөз
Баласын қаладағы жеке балабақшалардың біріне берген ол 12 қаңтар күні қызының үстінен соққы белгілерін байқағанын айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Марина Аушева әлі екіге толмаған қызын тәрбиешінің соққыға жыққанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Баласын қаладағы жеке балабақшалардың біріне берген ол 12 қаңтар күні қызының үстінен соққы белгілерін байқағанын айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол сәбидің мойнынан қылғындыру іздерін де көргенін мәлімдеді.

"Қызым екі жасқа толған жоқ, әлі сөйлеп те кетпеді. Бұған дейін ол балабақшаға еш қиындықсыз баратын. Бірақ 10, 11, 12 қаңтар күндері аяғы тартпай, жылап, тіпті, тәрбиешіні көргенде көзін жұмып алатынды шығарды. Ең өкініштісі, мен қызымның бұл әрекетін түсінбеппін. Ол балабақшадағы жағдайдан соң барынша маған белгі бермек болған. Кейін қызымның үстіндегі соққы іздерін көріп, оны дер кезінде түсінбегенім үшін қиналдым. Мұндай жағдайды ешкімге бермесін", - дейді Марина.

Марина - медицина қызметкері. Ол 12 қаңтар күні үйіне келген соң, қызының үстінен соққы іздерін көріп, жедел жәрдем шақырған.

"Қызымның білегі мен қолдарында соққы іздері қалып қойған. Ең жаманы – қызымның тамағында қылғындыру белгілері бар. Ойлаңызшы, әлі сөйлемейтін, екі жасқа толмаған баланы қылғындырған. Мұны көргендегі халімді сіздерге айтып жеткізе алмаймын. Біз ақшасын төлеп, балабақшаға сәбилерімізді сеніп тапсырамыз. Ал тәрбиешілердің қылығы мынау. Дереу балабақшадағы бейнекамераны тексеруді сұрадым. Бір қызығы, балабақша меңгерушісі тап сол күнгі жазбалардың жоқ екенін айтты. Күнделікті қосулы болатын бейнакамера жазбасы қайда? Түсініксіз. Тәрбиешімен де сөйлестім. Ол қызымның "отыр" дегенде отырмағаны үшін күш қолданғанын айтып отыр. Ең өкініштісі – бұл істі қарау ұзаққа созылып жатыр. Қазір Алмалы аудандық полиция бөлімшесінде осыған байланысты іс қозғалды. Мен "Адам өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғалғанын қалаймын. Балаларды ұруға ешкімнің де құқығы жоқ", - дейді Марина Аушева.

"Бұл іс тоқтап тұр. Сотты күтеміз. Бізді қорқытқаны да рас. Балабақша меңгерушісі көпшіліктің көзінше менің үстімнен арыз жазатынын айтты. Қазір желіге шығуға қорқамын. Видео да бар, оны жариялауға да қорқамын", - деп жазды аталған балабақшаға сәбиін апаратын ата-аналардың бірі.

Қазіргі таңда ата-аналар Марина Аушева мен оның қызына көмектесетін психолог іздеп жатыр.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.