Бас прокуратура елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған азаматтарды азаптап жатыр деген ақпаратқа ресми түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгінде прокуратураға азаптау және полиция қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқығын бұзу дерегі бойынша 91 шағым түсті. Әр шағымға шара қолданып жатырмыз. 19 шағым бойынша көрсетілген заңбұзушылық расталмады. Ал 56-сы бойынша тексеру жүріп жатыр. Сондай-ақ, кей жағдайда азаматтардың құқығы бұзылғаны расталды. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы қаласының прокуратурасының араласуымен заңсыз қамауда отырған 24 қала тұрғыны босатылды", - деді Бас прокуратура бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның мәлімдеуінше, аталған факті бойынша арнайы прокурор тергеу жүргізіп жатыр.
"Сонымен қатар, ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билігін асыра пайдалану деректерімен қылмыстық істер тергелу үстінде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс басталды. Одан бөлек, құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің алдын алу мақсатында барлық өңірде арнайы мобильді топтар құрылғанын тағы бір еске саламыз. Азаматтар prokuror.gov.kz ресми сайтымен қатар, облыстық және Бас прокуратураның сенімді телефоны арқылы жүгіне алады", - дейді ол.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.