Ол Досматовпен қандай шартпен бокстасатынын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24» Vesti.kz сайтына сілтеме жасап. Айта кетейік, бірер күн бұрын Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматов Sport.uz сайтына берген сұхбатында Сәкен Бибосыновпен қайта жұдырықтасқысы келетінін айтқан болатын. Бірақ қашан, қайда кездесетінін айтпады.
Сәкен Бибосынов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
– Хасанбай Досматов – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Уэль Баркер кубогының иегері. Былтыр Сербияда өткен әлем біріншілігінде Хасанбаймен кездесіп, жеңіске жеттім. Ол менімен жұдырықтасқысы келетінін журналистерге айтқан екен. Әрине, екінші рет кездесуге қарсы емеспін. Екі тарап келісімге келіп жатса, әрине, жұдырықтасамын. Қай салмақ болса да. Келісім беремін. Ұйымдастыру тарапы күнін, уақытын белгілеп жатса, жұдырықтасамыз. Сосын гонорары аз болмауы керек. Менің де жетістіктерім баршылық. Азия мен әлем біріншілігінің және олимпиаданың қоласын алдым, дүние жүзінің чемпионы атанып, аз ақшаға бола бокстасқым келмейді. Егер ұсыныстары көңілімнен шықса, жұдырықтасуға дайынмын.
Сәкен Бибосынов кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екенін, әлі нақты уақыты белгісіз екенін айтты. Ол: «Басты мақсатым, балалық шағымнан арманым – Олимпиада чемпионы атану. Алла қаласа, 2024 жылы Париж олимпиадасына қатысып, алтын үшін барымды саламын. Содан кейін жеке бапкерім Мырзағали Айтжановпен ақылдасып, ақ батасын алып, кәсіпқойға ауысамын», – деді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.