28.01.2022, 15:00

Болат Төкежанов медициналық сақтандыру қорының басшысы қызметінен кетті

Фото: Tengrinews.kz
Төкежанов қорды 2020 жылдың шілдесінен бастап басқарған.

Болат Төкежанов медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы қордың экс-басшысы Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қиын-қыстау кезеңде қор алдында одан да қатал сын-қатерлер, одан да маңызды міндеттер тұр. Сапаға деген сұраныс жағдайға қарамастан өседі. Бірақ медициналық сақтандыру қорының іргетасы қаланды, әрі қарай жұмыс істеу ғана қалды.

Осы жұмысқа көмектескендерге алғыс айтамын. Бұл қатарда басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері, медицина қызметкерлері, денсаулық сақтау менеджерлері, сала сарапшылары және медициналық сақтандыру жүйесінің қызметкерлі бар. Олар ынтымақтастық қағидаттарын қолдайды әрі қор болашағына сенеді", - деп жазды ол.

Төкежанов қорды 2020 жылдың шілдесінен бастап басқарды.

Болат Төкежанов 1972 жылы 19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "экономист" мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алды.

АҚШ, Солтүстік Каролина, Дьюк университетінің Сэндфорд мемлекеттік саясат мектебінде, сондай-ақ, Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде оқыған.

Қазақстанның салық қызметі жүйесінде жұмыс істеді, Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау ұйымдарын басқарды.

Әр жылдары денсаулық сақтау министрлігінде басшылық қызметтер атқарды. Вице-министр, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы болып жұмыс істеді.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.