$ 498.34  519.72  4.85

Петропавлдық зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Мен тірі адаммын ғой, қалай өлілердің қатарына қосқан? Әлі күнге өз-өзіме келе алмай жүрмін

Петропавлдық Алмагүл Есенбердина өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Жергілікті тұрғын белгісіз жағдайда өлілердің қатарына қосылып кеткен, деп хабарлады КТК телеарнасы.

61 жастағы Алмагүл Есенбердина бұл туралы денсаулығына байланысты жоспарлы ота жасату үшін құжаттарын медициналық порталға тіркелмекші болғанда білген.

«Анықтаманы алғанда өз көзіме өзім сенбедім. Төбемнен жай түскендей болды. Мен тірі адаммын ғой, қалай өлілердің қатарына қосқан? Әлі күнге өз-өзіме келе алмай жүрмін», – дейді Алмагүл Есенбердина.

Телеарнаның ақпаратынша, ол мәселенің мән-жайын анықтау үшін АХАЖ бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген. Алайда ол жерде зейнеткердің мәселесін жауапсыз қалдырған. Мәселенің шешімі табылмаған соң құқық қорғау органдарына шағым түсіріпті. Прокуратура қателік жіберген мекемені анықтаған.

«Зейнеткердің шағымынан кейін тексеріс жүргізіп, Екібастұздағы АХАЖ бөлімінің қызметкері техникалық қателік жібергенін анықтадық. Соның кесірінен азаматша Есенбердина өткен жылдың желтоқсан айында қайтыс болғандардың тізіміне қосылып кеткен. Қазір бұл құжатың күші жойылды», – дейді прокурор Әмір Рақымов.

Алмагүл Есенбердина қателік жіберген мамандардың кесірінен күйзеліске түстім дейді. Денсаулығы да бұрынғыдан нашарлап кеткенін жеткізді. Сондықтан ол кінәлілерді сотқа беріп, материалдық шығын өндіріп алатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары