Сонымен, 2022 жылы шетелдік жұмыскерлерді тартуға квота Қазақстандағы жұмыс күші санының 0,31%-ын құрайтын болды. Бұл – 28,3 мың адамға тең.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға квота белгілейді және бөледі. 2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% мөлшерінде белгіленді», – деп мәлім етті ведомство.
2022 жылы ШЖК тартуға квота келесі 4 санатқа бөлінді: І санат, яғни өзге елдерден басшылар және олардың орынбасарларын шақыру үшін 1 243 рұқсат беріледі. ІІ санат бойынша құрылымдық бөлімшелердің 6 499 басшысын әкелуге жол ашық. Рұқсаттардың негізгі бөлігі ІІІ (мамандар) және IV (білікті жұмысшылар) санаттарға тиесілі, тиісінше 13 887 және 3 421 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 302 адам тартылуы мүмкін.
Былтырғы 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың адамды шетелден алғызу үшін жұмыс берушілерге рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64%-ы (29,3 мың адам). Яғни, министрлік берген квотаны әкімдіктер толық пайдаланбаған.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр. Бейберекетсіздік пен одан кейін басталған полиция рейді кезінде біраз шетелдік еліне кетуді жөн санаған.