Кезекті қысым Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан Обухов тау-кен байыту комбинатының "берекесі" қашты. Алдымен құрылтайшылар ішінде, кейін кәсіпорын басшылығы мен полиция қызметкерлері арасында туындаған дау-дамайдың салдарынан өндіріс тоқтап, 250-ге жуық адам жұмыссыз қалуы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Өткен сейсенбі күні тәртіп сақшылары дайын өнімді тіркеп, экспортқа шығармақ болған Обухов кен байыту орнының тағы бір жүк көлігін тоқтатты. Бұл – соңғы екі жылда орын алып отырған шамамен 20-сыншы жағдай. Құқық қорғау органдарының тарапынан жиі орын алатын мұндай "бассыздықтан" әбден мезі болған комбинат қызметкерлері өз күшімен көлікті тоқтатып, ішіндегі дайын өнімді тәркілеуге мүмкіндік берген жоқ. Әйтпегенде, өздерін таныстырмаған, қызметтік куәліктерін көрсетпеген, куәгерлерді шақырмаған шенділер кезекті рет цирконий концентратын шығаруға кедергі келтірмек болып еді.
Комбинат құрылтайшысы Виктор Долгалевтің сөзінше, полиция қызметкерлері бұл жолы да көлікті тоқтатқан кезде нақты қандай іс бойынша шара қабылдағанын айтпаған.
"Полиция қызметкерлері қандай да бір әрекетке барған кезде оған құқықтық негіз болуы керек. "Мұнда есірткілер бар деген хабар түсті", "Мұндағы тауарлар ұрланған" деген сияқты жалған уәждерді айтуды қоятын кез келді. Кез келген хабар жіті тексеріліп, содан соң ғана шешімдер қабылдануы қажет деп есептеймін. Ал жалған ақпарат бергендер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бірақ бұған дейін осындай 20-ға жуық шындыққа жанаспайтын хабарлар, соның негізінде кедергілер болғанмен, хабар таратушымен бетпе-бет кездесу ұйымдастырылған жоқ. Мұның өзі кәсіпкерлікке қысым көрсетіп жатқанын білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократияны доғарып, бизнесті қолдау керектігін айтады. Ал сол сөз Солтүстік Қазақстан облысындағы шенді-шекпенділерге жетпей, отандық цирконий концентратын толығымен экспорттайтын комбинатқа керісінше "таяқ" болып тиюде", – дейді Виктор Долгалев.
Өтемақыны кім төлейді?
Тау-кен комбинатының өнімін тәркілеу "дәстүрге" айналғанын жоғарыда айттық. 2020 жылдан бері барлығы 500 тонна өнім тәркіленді. Әрқайсысының тоннасы 400-500 АҚШ доллары тұратынын ескерсек, шамамен 280 мың АҚШ доллары болатын концентраттың "күллі көкке ұшты". Олай демеске лаж жоқ. Себебі тәркіленген өнім қалай болса солай сақталып, өзінің бастапқы қалпын жойды. Енді оны ешкім алмайды. Ал дайын тауардың кей бөлігі қайда екені тіпті белгісіз.
"Бұған дейін тәркіленген өнім ашық аспан астында тұрды. Ал түптеп келгенде оны далада сақтауға мүлде болмайды. Цирконий концентратын сақтаудың өзіндік талаптары бар. Бірақ тәркілеуші тарап бұған қарай ма?! Ешқандай арақашықтықты сақтамай, дымқыл жерге, бірінің үстіне бірі үйе салды. Соның салдарынан өнім жарамсыз болып қалды. Ал оның ақшасын енді кім төлеп, өтемақыны кім береді?", – дейді комбинат құрылтайшысы.
Виктор Долгалевтің сөзінше, құқық қорғау органдары тарапынан жасалған мұндай әрекеттердің салдарынан тұрақты табыстан айырылғанына қарамастан, кәсіпорын соңғы екі жыл аралығында мемлекеттік қазынаға 1 млрд теңге көлемінде салық төледі. Бірақ алдағы уақытта міндетті төлемдерді уақытылы аударатын мүмкіндік болмауы әбден мүмкін. Себебі комбинаттың қоры таусылуға жақын. Ал дайын болған өнімдер экспортқа жол тартудың орнына тәркіленуден ары аспай тұр. Сәйкесінше, кәсіпорында табыс жоқ.
Орташа жалақы – 380-400 мың теңге
Комбинатқа қатысты орын алған жағдай жергілікті жұмысшыларды да алаңдатып отыр. Себебі мұндағы қызметкерлердің жалақысы Солтүстік Қазақстан облысындағы ең жоғары айлық болып есептеледі. Орташа жалақы – 380-400 мың теңге төңірегінде. Еден жуушылардың өзі қолға 250 мың теңге алады. Күніне төрт мезгіл тамақ тегін беріледі. Енді мұның барлығы бір сәтте сап тыйылуы ықтимал.
"Комбинатта қыста 225, жазғы уақытта 430-450 адам жұмыс істейді. Алатын айлығымыз жоғары. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Бірақ өнімді сатуға мүмкіндік болмаса, жұмыссыз қаламыз. Сонда отбасыларымызды қалай асыраймыз?", – деп налиды қызметкерлер.
Комбинат басшылығының айтуынша, бұған дейін өндіріс ауқымын кеңейтіп, қуаттылықты арттырып, қосымша 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда болған. Бірақ қазіргі жағдай жұмыс орындарын ашпақ түгілі оларды қысқартуға итермелеп отыр. Бұл ретте тұрақты табыс, әл-ауқатты арттыру, кедейлікпен күрес туралы әңгіме қозғаудың өзі артық...
"Біздің қатысымыз жоқ"
Обухов тау-кен байыту комбинаты басшылығының екі жылда бармаған мекемесі, тоздырмаған табалдырығы жоқ. Жақында ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің атына шағым да жолдады. Бірақ одан әзірше еш қайран жоқ.
"Құзырлы органдар комбинат жұмысына нақты қандай ілік тағатынын ашып айтпайды. Жалған хабарламаларды негіз қылып алады. Бизнесті тығырыққа тіреген 1990 жылдардағы жағдай сияқты дерсіз. Бұл орган өкілдерінің көксегені не екенін ішіміз сезгенмен, дөп басып айта алмаймыз. Облыс әкімдігі де мәселені реттеуге құлықсыз. Бұлай жалғаса берсе, 250-ге жуық адамның отбасы әлеуметтік әрі қаржылай қиындыққа тап боларын ұғынбаса керек. Сондықтан облыс әкімдігі, полиция департаменті мен прокуратура басшылығының басын қосып, мәселені реттеген жөн", – дейді Виктор Долгалев.
Бұл жағдайды шешудің жолдарын білмек болып, алдымен Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына хабарластық. Бірақ бұл орган өкілдері мәселе полиция департаментінің құзіретіне жататынын алға тартып, сұрақты құқық қорғаушыларға жолдауды сұрады.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментімен де байланысқа шықтық. Департаменттің баспасөз қызметі: "Біз Обухов кен-байыту комбинатына қатысты ешқандай түсініктеме бермейтін болып шештік. Бұған біздің қатысымыз жоқ. Аталмыш мәселе Президент Әкімшілігінің бақылауына алынған" деп қысқа қайырды.
Байқағанымыздай, жергілікті жердегі биліктің елімізде цирконий концентратын шығаратын жалғыз зауытқа, мұнда еңбек ететін 250-ге жуық адамға аса "жаны ашымайды". Бұлай жалғаса берсе, комбинаттың жабылып тынар түрі бар. Сонда "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Жұртқа жақын полицей" тұжырымдамалары мен Президенттің конструктивті диалог құру туралы тапсырмасы қайда қалды?!
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.