Жаңалықтар 02.02.2022 сағат 18:20

«Әр балаға 36 мың теңге»: депутат жәрдемақыны көбейтуді ұсынды

Өңірлерде 200 отбасы мемлекеттік көмектен құр алақан қалған.
«Әр балаға 36 мың теңге»: депутат жәрдемақыны көбейтуді ұсынды
egemen.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Динара Зәкиева атаулы әлеуметтік көмекті әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, қазір республикада кем дегенде 625 мың бала, яғни әрбір оныншы бала тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатыр.

"Әлеуметтік жағынан осал отбасыларды қолдау тетіктерінің бірі атаулы әлеуметтік көмек екені белгілі. Бірақ бүгінде оның мөлшері ең қарапайым қажеттіліктердің өзін қанағаттандырмайды. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен, 6 адамнан құралған отбасында атаулы әлеуметтік көмек бәріне 7 мың теңгеден ғана асуы мүмкін", - деді Зәкиева вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар ол көмекке мұқтаж азаматтар мемлекеттік қолдау бағдарламаларынан мүлде бейхабар екенін атап өтті.

Мысалы, өңірлерге сапар барысында депутаттар 200 отбасының мемлекеттік көмектен құр алақан қалғанын анықтаған. Өйткені олар өз құқықтары мен бағдарламалардан бейхабар, құжаттары жоқ. Тіпті, Зәкиеваның сөзінше, 10-13 жастағы балаларын еш уақыт мектепке жібермеген отбасылар бар.

"Қазіргі таңда 1 миллион 145 мың отбасы өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. 12 мың бала есепте тұрған отбасыларда тәрбиеленуде. Әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі салдарынан балалардың құқықтары жиі бұзылып, зорлық-зомбылыққа тап болады, жетімдер үйіне түседі. Тек өткен жылдың өзінде күніне орташа есеппен балаларға қатысты 6 қылмыс жасалған", - дейді депутат.

Айтуынша, бұған әкімдіктердің отбасы мен балалар проблемасын шешуден алшақтап кетуі себеп. Өңірлердің алдағы бес жылға арналған аумақты дамыту жоспарларында балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту секілді нысаналы индикаторлар қарастырылмаған.

Қазіргі таңда өкілетті органдар Балалар жылына арналған Іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Осыған байланысты Динара Зәкиева бірқатар ұсыныс айтты.

"Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдау тиімділігін арттыру үшін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтеру қажет. Бұл бір балаға 36 мың теңгені құрайтын болады. Бұған қосымша 225 миллиард теңге керек", -деді ол.

Сондай-ақ депутат өңірлерде Отбасы, жастар және балалар ісі жөніндегі басқарма құруды ұсынды. "Практика көрсетіп отырғандай, уақытылы және үйлесімді көмек оң нәтижесін береді, отбасы мен баланы өмірлік қиын жағдайдан алып шығуға көмектеседі", - деді Зәкиева.

Бұдан бөлек, ол өңірлердің аумағын дамыту жоспарларына отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатігездікпен қараудың алдын алу бойынша нысаналы индикаторларды енгізу қажет екенін айтты.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар