Қазақстан туын ұстап шыққан конькимен жүгіретін Екатерина Айдова мен шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы Абзал Әжіғалиев Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында сақ патшайымы Томирис пен айбынды қазақ батырының бейнесінде шықты, - деп хабарлайды olympic.kz.
Қысқы Олимпиадада ту ұстаушылардың формасы үшін негізгі ою-өрнек ретінде классикалық үлгідегі "қошқар мүйіз" қолданылды. Дизайнерлер Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындарындағы сияқты Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы қызметкерлерімен бірге ою-өрнек элементтерін жасады. Ал ту ұстаушылардың костюмін жасаған қазақстандық дизайнер Виолетта Иванова болды.
Қазақстандық атлеттердің өздері костюмдерге дән риза. Бұл туралы спортшылар алғашқы киім өлшеу кезінде айтқан болатын. Абзал Әжіғалиев Олимпиада ойындарында екінші рет ту ұстап жатыр.
"Костюмдеріміз ерекше болып шықты, шынында да, киімде күшті энергия бар. Бұл жолы осы сезімді Екатеринамен бөлісе алғаныма қуаныштымын. Өз еліңді Олимпиада ойындарында таныстыру өте қызық, бірақ жауапкершілік те жүктеледі. Бұл - айтып жеткізе алмайтын сезім!", - деді Абзал Әжғалиев.
Нобайынан бастап соңғы тігіске дейін костюм жасау процесі үш айға созылды: 20-дан аса шебер, оның ішінде 2 дизайнер, 4 тігінші, суретші және 8 кесте тігуші қатысты. Киімнің әдемі безендірілген барлық кестесі қолмен жасалған, ішінде алтын, күміс жіптер мен моншақтар бар.
"Костюм нобайы Олимпиаданың ашылу салтанатына дейін қатаң құпия сақталды, сондықтан костюмім қандай болатыны өте қызық болды. Ерекше болатынына күмәнім болмады. Бірақ ол ойлағанымнан да асып түсті! ҰОК-ға және осы кереметті жасаған барлық қолөнершіге рақмет айтқым келеді. Олар бар күшін салған костюм ерекше құнды және бұл маған сезіледі. Қазақстанды осындай деңгейде таныстыруда бұдан асқан қолайлы ештеңе жоқ деп ойлаймын", - дейді Екатерина Айдова.
Айта кетейік, Қазақстан атынан Олимпиада ойындарында спорттың 8 түрі бойынша жарысқа қатысатын 34 спортшы бақ сынайды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.