41 жастағы Базаркүл Қуанған 12 қараша күні үйінен шығып қайта оралмаған. 10 күнге жақын уақыт оны полицейлермен бірге туған-туыстары және ерікті азаматтар іздеген болатын.
Әйелдің үсіп қалған денесі 20 қараша күні кешкі сағат 17:30 шамасында Ақмола облысының Ошақ ауылына жақын маңдағы сайдан табылған. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Полицейлердің айтуынша, мәйітте зорлық-зомбылықтың белгілері болмаған. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалыпты. Алдын ала болжам бойынша, әйел үсіктен қайтыс болған.
Айта кетейік, 3 баланың анасы 12 қараша күні үйінен жұмысына қарай шығып, содан із-түссіз жоғалып кеткен. Туған туыстары оның жоғалғаны туралы арызды полицияға тек 14 қарашада жазыпты.
Базаркүл Қуанған күйеуімен және 12 жасар қызымен Ошақ ауылында тұрып келген. Оның үлкен ұлы мен қызы болған. Қызы Астанадағы медициналық колледждің студенті. Базаркүлдің өзі болса Новосёлов ауылдық округі әкімдігінде әлеуметтік жұмысшы болып істеген.