$ 495.2  522.34  4.94

Бүгін – Мұқағали Мақатаев дүниеге келген күн

Ақыннан кейінгі буынға мұра болып «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңі қалды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Бүгін ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 1931-1976 жылдар аралығында ғұмыр кешкен ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатаев 9 ақпанда дүниеге келгенін әдебиетке жаны жақын қазақтың бәрі біледі.

Алматы облысы Райымбек ауданының тумасы жоғары білімді қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен алған. 1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде «Қызыл отау» меңгерушісі, «Советтік шекара» деп аталған (қазіргі «Хантәңірі») Нарынқол аудандық газеттің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған. Ақынның тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық газетінде 1948 жылы жарияланған.

Ақыннан кейінгі буынға мұра болып «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңі қалды.

Әдебиеттанушылар Мұқағали Мақатаев қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, поэзияға интоннация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді деп бағалап жүр. Ол поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да еңбектер жазған.

Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдар жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген.

Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е.Евтушенко, А.Акопян, Ф.Моргун, У.Уитмен, Р.Бернс, Ф.Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған. Ақынның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев сияқты композиторлар ән жазды. Әлі де ақын сөзіне ән жазушылар көп. Тіпті кейбір өлеңіне бірнеше саз жазылған жайттар да бар.

Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көшенің бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылы үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары