Биыл ҰҚШҰ Қазақстанда 3 әскери оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы Анатолий Сидоров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазақстан аумағында әскери оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз... "Өзара іс-қимыл-2022" ҰҚШҰ-ның жедел ұжымдық күштерімен Орталық Азия өңіріндегі дағдарысты реттеу мақсатындағы міндеттерді пысықтаумен командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтеді", - деді Анатолий Сидоров. Оның айтуынша, 2022 жылы елде "Іздеу-2022" барлау күштерінің қатысуымен арнайы оқу-жаттығуы, әрі ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін "Эшелон-2022" оқу-жаттығуы өтеді. "Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарын басқару органдары, құралымдармен бірлесіп, өткен жылдағыдай терроризмге қарсы тақырып қаралады", - деді ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы. Ол биыл Тәжікстанда "Рубеж-2022" ОАӨ Жедел өрістету ұжымдық күштерінің (ЖӨҰК) бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығу өткізілетінін атап өтті. Онда халықаралық террористік ұйымдарға қарсы іс-қимыл жасау мәселесі пысықталады. "Соңғы оқу-жаттығу жиыны Қырғыз аумағында өтеді. Онда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерімен "Мызғымас бауырластық-2022" командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарда бар. Оның барысында дағдарыс аймағында жанжалдан кейінгі реттеу міндеттері пысықталады", - деді Анатолий Сидоров. "ҰҚШҰ форматындағы әскери ынтымақтастық тек қорғаныс сипатына ие. Мұны біздің мемлекет басшыларымыз мәлімдемесінде де атап өткен", - деді біріккен штаб басшысы. Анатолий Сидоров ұйымға мүше елдер ҰҚШҰ әскерлерін жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру мақсатында олардың жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету үшін заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Айта кетейік, ҰҚШҰ-ға 6 мемлекет кіреді: Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан. Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.