Димаш Құдайберген ресейлік медиаменеджер Арман Давлетяровқа сұхбат беріп, өзінің отбасы, өмірге деген көзқарастары туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
БАҚ-қа көп сұхбат бере бермейтін әнші қазақ отбасындағы бала тәрбиелеу ерекшеліктеріне тоқтала отырып, атасының өзін қарапайымдылыққа баулығанын айтады. Әншінің айтуынша, ол өзінің жетістікке жетуі жақындарының арқасында деп біледі. Бұл ретте Димаш атасының әлі күнге дейін үстел басында оған жол сілтеп, ақыл айтып отыратынын жасырмады.
«Атам қазір де үстел басында маған ақыл айтып отырады. Қатты тәкаппарланып, кеудеңді керіп кетпе. Қарапайым бол деп отырады. Менің атам, әжем, ата-анам - менің кумирлерім. Олар адамның адамға деген адами қарым-қатынасын үйретті. Әкемнің біреуге дауысын көтеріп сөйлегенін, анамның ұрысқанын ешқашан көрмеген адаммын», - деді ол.
Тәкәппарлық мәселесін көтерген әнші қытай әншілерінің қарапайымдылығын, өзгеге деген қ»ұрметпен қарайтын ерекше қасиетін атап өтті. Айтуынша, көрші мемлекеттің танымал әртістері еш уақытта кеудесін соғып, менмендік танытпайды. Бұл ретте ол жалпы танымалдылықтың өзі адамға берілген үлкен сынақ екенін, күндердің бір күнінде адам өзі шыққан биігінен бір күнде түсіп қалуы мүмкін екенін еске салды.
«Омар Хайям: «Бай және өмірі сәтті адамдарды қызғанбаңыз, таңның артынан кеш бататынын ұмытпаңдар" деген. Біз жалпы әртістердің танымалдылығы уақытша құбылыс екенін түсінуіміз керек. Мен қазір өзімнің танымал екенімді, ел алдына жүргенімді пайымдап отырмын. Бұл, әрине, үлкен бақыт. Бұны бағалау керек. Бірақ бұл өмірде қол жеткізгеніміздің барлығы, ақша да, мансап та, бақыт та - түк емес екенін түсіну керек», - деді Димаш.
Димаштың пікірінше, танымалдылық - Алладан берілген сынақ. Сол себепті, оны да көтере білу керек, деп есептейді ол.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.