Жаңалықтар 14.02.2022 сағат 21:20

Бәрі мәдениеттен басталады

Ұлт руханиятының көшбасы – тілің түзелмей тірлігің түзелмейді.
Бәрі мәдениеттен басталады
anatili.kazgazeta.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысындағы тарихи баянында Қазақстанда жаңа даму кезеңінің басталғанын баян  етті. Ол үшін алдымен мемлекетті басқару жүйесін өзгерту керектігіне тоқталды. Шынында да бүгінде қоғамның әр саласы дағдарыста, тіпті дертті екенін де мойындайтын кез жетті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы сол дағдарыстардың себеп, салдарын, бұған дейінгі жіберілген өрескел кемшіліктерді нақты дәлелдермен қолмен қойғандай етіп көрсетіп, оны жоюдың бағыт-бағдарын да айқындап берді. Белгілі бір топтың ел байлығын иеленіп, есіріп кеткенін де емеурінмен білдірді. Ендігі жерде бұл бассыздыққа әр салада жүргізілген батыл реформалар, әбден сүзгіден, елеп-екшеуден өткен сындарлы, жалтақсыз қадамдар, керек болса қатаң түрде қолға алынып, орындалуы талап етілген іс-шаралар ғана тосқауыл бола алары сөзсіз. Бұл ретте әркім өз ісімен айналысқанда ғана елге соншалықты пайдасы тиіп, ілгерілеу болады. Ол үшін әр партиялық фракциялардан сайланған депутаттар (мәслихат, мәжіліс), ат үстінде жүргендер өз жауапкершілігін күшейтіп, сөзден іске көшетін мезгіл әбден пісіп, жетілді. Ресми атау алған "қаңтар қырғынынан" сабақ алып, тағылым түйіп қай салада болсын жедел жаңару, жаңғыру қолға алынбаса, мемлекеттің сырты жаудан, іші даудан тазаратынына берік сенім қалыптасуы қиын. Сондықтан Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру туралы идеясын қолдаймын. Бұл ретте өнер адамы ретінде ұлттық идеологияға жаңа, соны серпін беру қажеттігін кешіктірмеуді өтінер едім. Себебі  мені ұдайы біз қандай елміз, өзгеден ерекшелігіміз қандай деген мәселе айрықша толғандырады. Біз бұл мақсатқа, ортақ ұлы мұратымызға ұлттың иесі мен киесі өнеріміз, мәдениетімізді биік деңгейге көтере білген жағдайда ғана толық қол жеткіземіз. Біз сонда ғана өзімізді әлемдік бәсекеде ұлы ұлт ретінде таныта аламыз. Ойымды нақтылай түссем, ұлт болмысын сақтайтын да, елдің мәңгілігіне қызмет ететін де - Руханият. Ашыққан қарын да тойынар, ал рухыңды жоғалтсаң бәрін де жоғалтатыныңа көп дәлелдің қажеті жоқ. Өз тілінде сөйлеп, өз өнерін өрістеткен басшы өз халқының жанына жақындап қана қоймай, оның шын мәніндегі қандасына айналып кетеді. Ондай басшыны ешкім жауға бермейді.                     Қасым-Жомарттың бойында мұндай қасиеттер жеткілікті. Менің ойымша ендігі жерде аймақ басшылары да Президенттің бойындағы парасатты, терең таным-түйсікті басшылыққа алып, осы бағытта жұмыс істеудің мән-маңызын жан-жақты пайымдауы  қажет. Ендігі жерде рухани тұлғаға айналған басшылар ғана бұл бағытты барақатттандыра алары сөзсіз.


Меніңше, бұл мәселелер ұлттық кадр саясатын дұрыс жолға қойғанда ғана өз нәтижесін береді. Олай дейтінім, мемлекет басшысы таяудағы бір сөзінде «Бізде кадрлық дефицит бар. Сол үшін де үкіметті түгел ауыстыру мүмкін емес. Болашақта міндетті түрде өзгерістер болады» деуі де көп жайға қанықтырады. Сонымен қатар кадрдың жасына емес, кәсібилігіне де қарау керек екенін президенттің өзі ескертті. Шынында да ең алдымен кадрдың білімін, мәдениетін, өмірлік тәжірибесін бағалау керек.


Бұл ретте Алаш ардақтыларының айтқанына да ден қойып отырған жөн. «Өз тілін, дәстүрін, мәдениетін білмеген басшы жазадан басқаны білмейді» дейді Жүсіпбек Аймауытов. Бұл төменнен жоғарыға дейінгі басшылардың бәрінің есінде болуға тиісті есті сөз. Демек әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке қол жеткізу үшін ең алдымен өзіңнің ұлттық болмысыңды анықтап алуың қажет. Бұл сөз ел басқарып жүрген әрбір азаматтың ұдайы назарында болып, бұл талапты ескермеген жағдайда қатаң жазалануы керек. Жаңа Қазақстан идеясын жүзеге асыратын да осындай рухтағы кадрлар.

Менің мұндай ойға табан тіреуімнің басты себебі, Мемлекет басшысы әу баста өз қызметін ұлттық құндылықтарға бет бұрудан бастады. «Қазақтың тілі - қазақтың жаны. ...Жаңа сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл-ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі - халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.

...Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналатын қазақ тілін жылдам дамытуымыз керек» деп бұл бағыттағы өз ұстанымын анық байқатты.

Ұлт руханиятының көшбасы – тілің түзелмей тірлігің түзелмейді. Біз осы күнге дейін саясат пен экономиканы алға шығарып келдік. Бір есептен бұл да дұрыс болған шығар. Дейтұрғанмен де түптің түбінде басты бағдар, темірқазық ұлт руханияты болуы керек. Сондықтан мемлекет басшысының бұл сөзі дайын мемлекеттік бағдарлама деуге әбден болады. Халық рухының қайнар көзі өнерде, мәдениетте. Кез келген салада мәдениет болған жағдайда ғана біз ілгерілей аламыз. Бәрі мәдениеттен басталады. Жаңа Қазақстанды құрудың басты алғы шартының бірі де бірегейі руханиятты қолға алу екеніне басым сипат беруімнің де себебі сол. «Қазақстан маған өзімнен де қастерлі» деп Әбіш айтпақшы, біз елімізді өзімізден де артық көруіміз қажет. Президенттің елдік мұраттарды, ұлы мақсаттарды негіз еткен Жаңа Қазақстан идеясына осы тұрғыдан қарап, қолдап, оның төңірегіне топтасу, ұлтқа, елге қызмет ету әркімнің басты борышы болуға керек.

      Асанәлі  ӘШІМҰЛЫ

Қазақстанның Еңбек Ері

anatili.kazgazeta.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар