15.02.2022, 15:00

«Америкалық ФТБ қаңтар қасіретіне қатысты баға беретін болады» – Айман Омарова

inbusiness.kz
АҚШ-тың Федералды тергеу басқармасы қасіретті қаңтар оқиғасында түсірілген видеоларға қарап баға береді

«Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Алматыда өткен баспасөз жиынында Қасіретті қаңтар оқиғасында түсірілген видеолар әскери заңгерлер мен арнайы мамандарға ұсынылатынын айтты, деп хабарлайды baq.kz.

Алдағы уақытта Қасіретті қаңтар оқиғасына сарапшылар, яғни әскери заңгерлер пікір білдіретін болады. Олар "бұл арнайы операция болды ма, бұны ұйымдастырған арнайы дайындықтан өткен адамдар ма әлде бұл қарапайым адамдар мен полиция арасындағы қақтығыс па?" деген сұрақтарға жауап беретін болады, - деді Омарова.

Оның айтуынша, қазір шетелдік заңгерлермен келіссөз жүріп жатыр, оның ішінде АҚШ-тың Федералды тергеу басқармасы да бар. Олар Қасіретті қаңтар оқиғасында түсірілген видеоларға қарап баға береді.

Жалпы террористік акт біздің елде болсын, өзге елде болсын ұқсас келеді. Олар ішкі және сыртқы күштердің қатысуымен орын алады. Сондықтан олардың ара-жігін ажырату үшін мамандар қажет. Біздің елде ондай мамандар бар, бірақ көп емес, - деді комиссия төрайымы.

Комиссия осы уақытқа дейін Алматы қаласы Полиция департаменті берген видео материалдардың біраз бөлігін зерттеген, түгелдей зерттеу мүмкін емес көрінеді.

Біз қарап шыққан материалдардан террактінің, билікті күшпен басып алу, жаппай тәртіпсіздік, атыс қаруын ұрлау сияқты қылмыс сипаттарын көріп отырмыз. Өкінішке қарай БАҚ-та негізінен қамалғандарды азаптау жағы көп жарияланып жатыр. Бірақ қылмыстың басқа бөліктері айтылмай қалып қойды. Азаптаулар бұған дейін де болған, осы жолы қамалғандар санының артуымен ол да көбейді. Бұл дұрыс емес. Әсіресе террактілік қылмысты тергеу барысында адам құқығы жиі бұзылады, - деді ол.  

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.