15.02.2022, 21:30

«Жанкүйерлердің сенімін ақтадың»: Тоқаев шорт-тректен өнер көрсеткен Әжіғалиевті қолдады

Фото: ашық дереккөзден
Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың.

Президент «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы Абзал Әжіғалиевті қолдап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Olympic.kz

«Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады. Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4-орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ оның алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, отандастарымызды қуанта беретініне сенім білдірді.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.