Әлемдік мұнай нарығында Brent маркалы мұнайдың баррелі 96,07 доллардан сатыла бастағанда төл теңгеміздің бағамы бір көтерілді де, қайтадан төмен құлдилады.
inbusiness.kz тілшісінің неге бұлай болды деген сұрағына экономист Рахым Ошақбаев сұхбат барысында жауап берді.
– Біздің бағам және инфляциялық таргеттеу деп аталатын монетарлық саясатымыз дұрыс емес. Оның жүйесі іс жүзінде бұзылған. Салдарынан үнемі теңге бағамына қысым жасайтын ақша массасының иммитациясын сезінеміз. Жалған инфляциялық таргеттеудің барлық тетігі Ұлттық банктің құралдары арқылы еркін өтімділіктің абсорбциясына негізделген. Ол банктерге тәуекелсіз теңгеден табыс табуға мүмкіндік береді. Алайда кірістің бұл түрі теңге массасының жасырын эмиссиясы есебінен қамтамасыз етіледі.
Теңге бағамы Ұлттық банктің араласуының салдарынан төмендегеніне сенімдімін. Бізде теңге еркін айналымда екені жиі айтылады. Іс жүзінде бұлай емес. Оны Ұлттық банк белгілі бір параметрлер бойынша реттейді. Бұл туралы 2015 жылдан бері айтып келеміз. Ұлттық банк қаңтар айында операциялардың сальдосы туралы ақпаратты жариялауды тоқтатты. Мен бағамды ұстап тұруға көп ақша жұмсалады деп санаймын. Алдағы уақытта девальвацияның деңгейі жоғары болады.
– Мұнайдың қазіргі бағасы ұзақ уақыт сақтала ма?
– Мұнай бағасына болжам жасамаған жөн. Менің ойымша, көптеген фактор мұнай бағасының жоғары болуына бағытталған. Бірінші кезекте бұған тұтынудың өсуі мен геосаяси шиеленістің өршуі себеп болып тұр. Бұл мұнай жеткізіліміне санкция салуға әкелуі мүмкін. Осы жағдай бағаның жоғары болуына ықпал етеді.
– Геосаясат пен әлемдік мұнай нарығындағы баға Қазақстанға қалай әсер етеді?
– Ресей мен Украина шекарасындағы шиеленіс, санкциялар Қазақстанға кері әсер ететіні анық. Геосаяси жағдай бізді алаңсыз отырғызбайды. Сыртқы тәуекел инфляция деңгейінің артуына ықпал етіп, халықтың табысының өсуіне кедергі келтіреді деп ойлаймын.
– Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін не істей алады?
– Қаржы реттеушісі қазірдің өзінде интервенция жасап отыр. Меніңше, Ұлттық банк теңгенің қазіргі бағамын жарты жыл немесе жыл бойы ұстап тұрады.
– Қалай ойлайсыз, бір доллар 500 теңгеден сатылатын күн жақын ба?
– Тек банктер ғана табыс табатын, халық кедейшіліктен құтыла алмайтын ақымақ монетарлық саясаттан бас тартпасақ, таяу болашақта бір доллар 450-500 теңгеден сатылатын күн өмірдің шындығына айналады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.