16.02.2022, 23:20

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақысы өсті

Фото: ашық дереккөзден
Осылайша биыл жыл басынан жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсетін болады.

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларының еңбекақысын арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында онлайн өткен баспасөз мәслихатында. Ұлттық компания басшысының айтуынша, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларынан бөлек, оған қарасты мердігер компаниялардың да қызметкерлері жалақыны көтеруін талап етіп, жұмысын тоқтатқан.

«Мұнайшылармен келіссөздер күні бойы жүрді. Оның нәтижесінде жағдайды тұрақтандыру және кәсіпорынның жұмысын тоқтатпау туралы келісімге келіп, жұмысшылардың жалақысы көтерілетін болды. Бұған дейін 2020 жылдың желтоқсан айында жалақы 10 пайызға артса, енді жаңа келісім бойынша тағы 20 пайызға арттыру туралы келісім жасалды. Осылайша биыл жыл басынан жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсетін болады», - дейді ол.  

Сондай-ақ, басқарма төрағасы өсірілген жалақы көлемімен жұмысшылардың дені келіскенін айтты.

«Дегенмен кейбір жұмысшылар жалақыны 40 -50 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Бізге 20 пайызға арттыру шешімі оңайға соққан жоқ. Биыл одан артық жалақы көтерілмейді, бұл соңғы шешім. Сондықтан жалақыны өсіруді талап етуші жандардан түсіністікпен қарауын сұраймын», - дейді А. Айдарбаев.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.