16.02.2022, 22:39

Қаңтар оқиғасына қатысты 2 565 қылмыстық іс қаралып жатыр

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды.

Қаңтар оқиғасына қатысты 271 адам күзетпен ұсталып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрлігі елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қаңтар оқиғасын тергеу жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 565 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 271 адам күзетпен ұсталуда. Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешімдер қылмыстық процесс талаптарына сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу және сот санкциясымен қабылдануда», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, ұсталған адамдарға қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы әрбір өтініш бойынша Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізеді.

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды. Олар бойынша қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. 18 өтініш бойынша азаматтардан түсініктеме алынып, бейнежазбаларды зерттей отырып, қызметтік тексеру мұқият жүргізілді. Билікті асыра қолдану фактілері расталған жоқ», - деді Санжар Әділов.