Пандемия әсерінен тойсыз қалған тойхана қожайындары ғимараттарын мемлекетке жалға беріп, кәсіптерін өзгертіп жатыр. Мәселен, Алматы қаласы Жетісу ауданындағы «Керуен» тойханасы қаңтар айынан бастап №5 Халыққа қызмет көрсету орталығына, ал Шымкенттегі тойханалардың бірі мінілген көліктерді сататын автосалонға айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
АвтоЦОН-ға айналған тойханының ішкі дизайны өзгермеген. Үлкен жарық шамдар, күту залына төселген қазақы нақыштағы кілем сол қалпы тұр. LЕD экранға арналған әсемделген қабырға төріндегі «Халыққа арналған цифрлық кеңсе» деген жазу мен қаз-қатар қойылған қызмет үстелдері, цифрлы таблолар ғана ресми мекемеде отырғаныңды еске түсіреді.
«Керуен» тойханасының қожайынынан жаңа кәсібі туралы сұрайық деп едік, байланыса алмадық. Бірақ, Алматы қаласы ХҚО баспасөз хатшысы Жаңыл Әпетоваға хабарласып, неліктен тойхананы АвтоЦОН-ға айналдырғандарын сұрадық.
«Керуен» тойханасы Жетісу ауданындағы №5 арнайыландырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы болып қаңтар айының соңында ашылды. Бірнеше жыл бұрын әкімдік аудан тұрғындары алысқа шапқыламасын деп, «Жетісу» базарының қасынан АвтоЦОН ашқан еді. Ол мекеменің жартысы АвтоЦОН, жартысы сауда орталығы болған. Бірақ ол жерде келушілерге арналған дәретхана жоқ. Базардың ішінде болған соң көліктерге автотұрақтардың бәрі ақылы. Сонымен бізге халықтан қайта-қайта шағым түсе берді. Базар әкімшілігіне көліктерді тегін кіргіз деп бұйрық бере алмаймыз, олар бізді тыңдамайды да. Содан әкімдік халыққа ыңғайлы болатын мекеме іздеді. Іздеу барысында тойхананың бос тұрғанын естіп, қожайынымен жалға алуға келіскен. Біздегі АвтоЦОН ғимараттарының барлығы дерлік жалға алынып отыр»,-деді маман.
Алматы қаласында жалпы саны бес АвтоЦОН бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы дерлік қалалық әкімдік балансына тиесілі. Ресми өкілдің сөзінше, болашақта Халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны қысқарады.
«Мекеменің ішіне ресмилендіру жұмыстарын қашан жасайтындарын білмедім. Бастысы халықтың кіріп-шығуына ыңғайлы, кең, жайлы орын. Жалпы болашақта АвтоЦОН ғимараттарының саны қысқаратын шығар. Себебі, қазір барлық қызметтерді Еgov электронды порталы арқылы алуға болады. Біздің халық барлық қызметті ХҚО-ға келіп құжаттарын жасағанға үйреніп қалған. Қазір құжаттарды үйге жеткізу қызметі де бар, сондықтан қызметтердің барлығын онлайн алу мүмкіндігі толықтай қамтылған»,-деді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының баспасөз хатшысы.
Шымкенттегі автокөлік сататын «Тұлпар» орталығына хабарласып едік, тұтқаны көтерген қызметкер қожайындары журналистермен тілдеспейтінін айтты.
«Қожайын дәл қазір жұмысте емес. Кешелі бері журналистер хабарласып жатыр, бірақ бірден айтайын, ол кісі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бермейді. Мен де ешқандай сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Ондай құзыретім жоқ»,-деді орталық қызметкері.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.