Айналдырған бір аптаның ішінде жұмыртқа бағасы 70 пайызға өскен. Бұл, әрине, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп жатыр. Ал құзырлы орындар бағаның бұлайша аспандауын өтімді астың шеттен тасымалдануымен және тауыққа арналған жемнің қымбаттауымен түсіндіріп отыр деп жазады КТК.
Петропавлда тауық жұмыртқасының құны 50-70 пайызға қымбаттап кетті. Қала дүкендерінде өткен аптада ғана бұл азықтың он данасы 160-170 теңгеден сатылып келсе, қазір ең төмен баға 250 теңге. Тіпті кейбір дүкендерде 320-ға дейін көтерілген.Құс өнімі Тараз қаласында да қымбаттап жатыр. Жұмыртқаның бір түйірі 26 теңгеден 36 теңгеге бір-ақ көтерілген. Бұл өз кезегінде сұранысқа кесірін тигізіп, бұрынғы сауда сатушыларға арманға айналыпты.Ал жұмыртқа қымбатшылығының жоғарғы рекорды Семейде тіркелді. Баға бір-екі айдың ішінде 250- ден 390 теңгеге көтерілген. Жауапты мекемелер жұмыртқа бүкіл республика бойынша қымбаттап жатыр деген уәж айтады.Мамандар азық-түлік бағасын құбылтпай ұстап тұруға дәрменсіз. Өйткені Семейде жұмыртқа алу мақсатында тауық өсірілмейді. Сондықтан өтімді тауардың шамамен 40 пайызы Ресейден келсе, қалғанын еліміздегі құс фабрикаларынан тасымалдауға мәжбүр. Ал олар жем мен жанармайдың қымбаттауын сылтау етіп, бағаны аспандатып жіберіпті.