АҚШ-та қазақстандық әйел өлі табылды. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
FOX 9 арнасының мәліметінше, 16 ақпанда кешке Сент-Полдың Пейн Фален ауданындағы пиццерия маңында тұрған көліктен оқ жарақаты бар әйел табылған. Ол ауруханаға жеткізілген, бірақ көп ұзамай қайтыс болған.
Сот-медициналық сараптама әйел Сент-Пол тұрғыны, 34 жастағы Юлия Ли екенін анықтаған.
Сыртқы істер министрлігі марқұм Қазақстан азаматы екенін растады.
"Биыл 16 ақпанында Миннесота штатының Сент-Пол қаласында Қазақстан Республикасының азаматы белгісіз жағдайда қаза тапты. Жергілікті полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, отандасымыз оқ жарақатынан көлігінде қаза болған", - деп ҚР СІМ баспасөз қызметі пікір білдірді.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқаны айтылды.
"Қылмыс жасаған күдікті қамауға алынды. Қазақстан консулы марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста", - деп толықтырды ведомство өкілдері.
Юлия Лидің өлімі туралы ақпарат қарулы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған ұлттық мемориал сайтында да жарияланған.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.