$ 494.87  520.65  4.91

«Есік-терезелері шұрық-тесік»: Шымкентте мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген үй құлағалы тұр

Тіпті есікті сүртуге қорқамын, себебі бояуы түсіп жатыр. Түсінбеймін, басшылық мұндай жұмысты қалай қабылдаған? Едендегі линолеум қиындылардан құрастырылған, есіктер тесік.

Бүгінде Түркістан облысы десе елдің көзіне желге ұшып жатқан қаржы мен сапасыз құрылыс яғни шектен шыққан жемқорлық секілді жайттар ғана елестейтін халге жетті деуге болатындай. Расында да аталмыш өңір тұрғындарының арасында жаңадан салынып жатқан құрылыстардың сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданушылар көбейген. Олардың айтуынша, пайдалануға енді ғана берілген кейбір нысандардың алды сыр бере бастаған. Қабырғалары сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр деп хабарлайды Skifnews.kz   ақпараттық порталы.


Бірнеше күннен бері Шымкент қаласындағы Тұран-2 ықшам ауданындағы тұрғын-үйлердің бірі күн тәртібінен түспей тұр. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, аталмыш нысан жақында ғана пайдалануға берілген. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмайды. Су жаңа үйдің есік-терезелі қирап аз уақыттың ішінде азынаған суық тас қамалға айналып шыға келген.


«Отырар» арнасының хабарлауынша, үш блоктан тұратын бұл үй 2021 жылдың соңында ғана пайдалануға беріліпті. Пәтер тұрғындары ұзақ уақыт кезекте тұрып, үйлі болуды аңсағандарын айтады. Жаңа үш үйдегі пәтерлерді шымкенттіктерге бөліп берген. Жайлы пәтерге көшіп, жанымыз жайланады деген олар бірнеше бойы ай жөндеу жұмыстарымен шұғылданған. Құрылыс сапасыз болғандықтан барлығын қайта жасауға тура келген.


«Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқаныма үш ай болды. Шаршадым! Біреуін жөндесем екіншісі шығады. Барлығын қайта жасауға тура келді. Тіпті есікті сүртуге қорқамын, себебі бояуы түсіп жатыр. Түсінбеймін, басшылық мұндай жұмысты қалай қабылдаған? Едендегі линолеум қиындылардан құрастырылған, есіктер тесік», - дейді тұрғын Ақтолқын Құралбай.


Қаңырап тұрған пәтерлердің су өтіп жатқан жерлері де бар. Ал басқа барар жері жоқ жандар қосымша электр жылытқыштарын қосып шығындалып жатырмыз деп налиды.


 «Бізге үй 12 млн. 180 мыңға екі бөлме шығып тұр. Ай сайын мен 95 мыңдай төлемақым бар. 14 жыл бойы бойы мен сонда жарықтың ақшасын төлеймін бе, ипотеканың ақшасын төлеймін бе? Не сапа болмаса, не жылу болмаса! Үйге келгенде рахаттанбасаң, аяқ-қолың көсіліп. Ол үй менің 20 жылда зорға жеткен үйім», дейді тұрғындардың бірі Гүлнұр Көлбай.


Кей пәтерлерде терезе мен есіктер жабылмайды екен. Сол секілді ықшам ауданның инфрақұрылымы да пәтер иелерінің көңілінен шықпаған. Аулалар тар, көлік тұрағы жоқ. Ал балалар алаңқайында ойнаудың өзі қауіпті екенін айтып шағымданған.


Түркістандағы сапасыз құрылыс жыры айта-айта жауыр болған тақырыптардың бірі деуге болады. Керек болса, миллиардтаған қаржы жұмсалған «Керуен сарайдың» қабырғасы пенопластан жасалған болып шыққан болатын.


Сол секілді «әлемде теңдесі жоқ театр» деп дәріптелген «Ұшатын театрдың» шатыры бір айға жетпей қатты желден қирап қалғаны тағы бар.


Түркістандағы құрылыс жұмыстарына 39 млн АҚШ доллары жұмсалған орталық стадионының да жағдайы тура осылай болғанын жұрт ұмыта қойған жоқ.


Өкініштісі сол, оңтүстік өңірдің шенділері бұл жайттардан сабақ алмай сабақ алмай келеді.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары