21.02.2022, 23:43

Жамбыл облысында салмағы жарты тонна авиациялық бомба табылды

Мамандар оның 1962 жылы шығарылған «ФАБ 500м-62» авиациялық бомба екенін анықтады.

Жамбыл облысында салмағы жарты тонна бомба табылды. Ол жарылған жағдайда радиусы 200 метр қашықтыққа дейінгі аралықты тып-типыл етуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жойқын жарылғыш қару Байзақ ауданындағы құмды алқаптан шықты. Оны жергілікті тұрғын темір-терсек іздеп жүріп тауып алып, полицияға хабар берген көрінеді. Мамандар оның 1962 жылы шығарылған «ФАБ 500м-62» авиациялық бомба екенін анықтады.

"Бомбаны одан әрі залалсыздандыру үшін арнайы әскери техникаға тиеп полигонға алып кетті. Полицияға қауіпті әскери құрал туралы хабарлаған ер адам марапаттауға ұсынылды", - дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы  Гүлсара Мұхтарқұлова.