Қаңтар оқиғасында қаза тапқан аға офицер Жандос Жағалбаевтың әулеті марқұмның қырқын берді. Қайғыдан қан жұтқан анасы жалғыз ұлының мерт болғанына сенбейді. 27 жастағы Жандостың артында күні кеше дүниеге келген қызы мен 8 ай бұрын ғана отасқан жары қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бауыр еті баласынан айырылған ананың қаза тапқан жалғыз ұлын еске алып, жоқтау айтқаннан басқа амалы жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға офицері Жандос Жағалбаев қаңтардың 6-ы оққа ұшып, мерт болған. Анасы соңғы рет телефон арқылы тілдескен. Кейін, 7 қаңтарда ұлының мерт болғаны туралы суық хабарды естіген.
«Әлі де сене алмаймыз. Келетін сияқты. Тосамыз. Баламыз қаза болғаннан кейін, тура 40 күн өткенде, кішкентай нәрестеміз дүниеге келді. 16 ақпанда Жандосқызы Рәбиға дүниеге келді», - дейді Ж. Жағалбаевтың анасы Маржан Жағалбаева.
27 жасында мерт болған Жандос тұңғышының дүниеге келуін асыға күтіпті. Жекеменшік пәтер алып, қызының өз үйінде өскенін армандаған. Алайда сол мақсатына жете алмай кетті.